Қазақстандық ауыр атлет Игорь Сон Токиодағы Олимпиада ойындарының жүлдегері атанды. Ол 61 килоға дейінгі салмақта қола медаль еншіледі.
Игорь Сон Игорь жұлқа көтеруде 131 килоны еркін бағындырса, серпе көтеруде 163 килоны еңсерді. Қоссайыс қорытындысы бойынша қазақстандық спортшы 294 келіні көтерді. Бұл нәтижемен үшінші орынға тұрақтады.
Бұл салмақта алтын жүлдені қытайлық Ли Фабин (313 келі), күмісті индонезиялық Эко Юли Иреван (302 келі) иеленді.
Игорь Сон – Қазақстан ауыр атлетика мектебінің түлегі. Алматы облысындағы Үштөбе қаласының тумасы. Халықаралық жарыстарда 2013 жылдан бері бақ сынап келеді. Ересектер арасында 2017 жылдан бастап қатыса бастады.
Олимпиада ойындарына дейінгі ең үздік көрсеткіші – 2019 жылғы әлем чемпионатының күмісі. Ол кезде 55 килоға дейінгі салмақта өнер көрсеткен.
Спортшының жеке жаттықтырушысы – Сергей Седов. Игорь болса Олимпиада ойындарына Қазақстан атынан қатысып жатқан ерлер арасындағы жалғыз спортшы.
Айта кетейік, бұл – Қазақстан құрамасының қоржынына түскен екінші медаль. Кеше дзюдошы Елдос Сметов қола жүлде жеңіп алған еді. Екі қола медальмен Қазақстан жалпыкомандалық есепте 26-орында тұр.