Токио Олимпиадасы ресми түрде ашылып, алауы тұтанды. Дүбірлі доданың ашылу салтанаты Жапония астанасындағы Ұлттық олимпиадалық стадионда өтті.
Ашылу салтанаты алдында БҰҰ бас хатшысы Антонио Гутерриш видеоүндеу жариялап, жарыс пен спортшыларға сәттілік тіледі.
Токиоға келген спортшылар үлкен қиындықтарды артта қалдырып, қажырлы қайрат көрсетіп келді. Егер біз дәл осындай күшпен әлемдік проблемаларды да қолға алатын болсақ, онда бейбітшілік, планетамыздың таза әрі жасыл қалпында сақталуына қол жеткізген болар едік, - деді.
Әлемдік пандемияға байланысты бір жыл кешігіп өткелі жатқан жарыстың ашылу салтанаты сәтті өтті. Алдын ала белгілі болғандай, стадионда көрермендер болған жоқ. 80 мың көрерменге арналған стадиондағы трибуналарда мыңнан аз адам орналасты – шенеуніктер, ХОК және Ұлттық Олимпиада комитеттерінің өкілдері.
Ашылу салтанатындағы көріністер мен қойылымдар бірнеше идея аясына саяды. Олимпиада ойындары спортшылардың белсенді қатысуымен және спорттың күшімен әлемдегі адамдарға жаңа үміт пен шабыт сыйлайды деген ойға құрылған.
Олимпиада ойындарындағы ант беру мәтіні де жаңарған. Жаңа нұсқасында ынтымақтастыққа, теңдікке және кемсітушілікке жол бермеуге баса назар аударылды.
Тағы бір ерекшелік – Ту ұстаушылар санында. Әр елдің Туын бір ер адам мен әйел қатысушы көтеріп шықты. Еліміздің көк байрағын Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова мен бокстан әлем чемпионаттарының жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев көтеріп шықты.
Қазақстан құрамасы сапында атлеттер шеруіне 40 спортшы, 5 жаттықтырушы мен команданың ресми өкілдері қатысты.