- Негізгі бет
- Tokyo 2020
- Абылайхан Жүсіпов америкалық...
Абылайхан Жүсіпов америкалық боксшыдан айласын асыра алмады
69 килоға дейінгі салмақта жұдырықтасатын қазақ боксшысы Абылайхан Жүсіпов Токиодағы Олимпиада ойындарының ширек финалына шыға алмады. Отандасымыз 1/8 финалда америкалық боксшы Деланте Джонсоннан жеңілді.
Жекпе-жекті екі боксшы да ширақ бастады. Сәті келгенде аянып қалмады. Бірінші раунд қорытындысында төрешілердің шешімі екіге жарылды. Бес төрешінің екеуі америкалықты ұтты десе, үшеуі отандасымызға ұпай берді. Ал екінші раундта бес төрешінің есебі де Деланте Джонсон жағында болды.
Абылайхан үшінші раундты сәтті өткізді. Қарсыласына соққыларын дарыта білді. Бірақ бұл раунд қорытындысы бойынша да төрт төреші ұпайын америкалыққа берді. Нәтижесінде Деланте Джонсон 4:1 есебімен жеңіске жетті.
Айта кетейік, осыған дейін қазақ боксшылары арасында Серік Теміржанов, Зәкір Сафиуллин мен Сәкен Бибосынов шаршы алаңға шығып, қарсыластарын жеңген еді. Абылайхан ұлттық құрама сапында жарыс жолынан шыққан бірінші боксшы.
Н. Үсенова