Ысырапшылдық

Ысырапшылдық

Сол реткі жол апатының салған жарасы жүректен де, тәннен де өшпестей болды. Мен сол қолымды жоғалттым. Бұл оқиғадан кейін менің өмірге деген барлық махаббатым, құштарлық сезімдерім, үмітім жермен-жексен болып, бір қараңғы әлем ішінде өмір сүретін болдым. Әне, сондай күндердің бірінде қап-қара әлемнің бір бұрышынан маған бір шоқ сәуле түскендей болды. Қуанышты хабар жетті. Естуімше, мен тұрған жерге жақын арадан бір емхана ашылған. Бұл емханада арнайы мен сияқты науқастар, яғни, қол-аяғын немесе басқа да дене мүшелерін жоғалтқан жандар емделіп, сауығып кетеді екен. Мен ойлана келе, осы емханаға баруды жөн көрдім.

Емхана өте көркем жерге орналасыпты. Ғимараты да жаңа, адамға еркіндік сыйлайтындай. Емхана бастығы мені тіке қабылдады. Өзгешелеу адам екен. Жүзі ағарып кеткен.

Өзі сөз бастады: «Тек сол қолды ғана көшіру операциясы болса, оны орындауға болады. Бірақ бұған көп шығын кетеді...»

«Оқасы жоқ, қанша көп ақша кетсе де, түк етпейді, тек қолымды емдеп жазып берсеңіздер ғана болды. Бірақ маған көшіретін қолды қайдан табасыздар? Жалған қол жасайсыздар ма?» дедім мен.

«Бұл жағынан алаңдамаңыз, әрине, өзіңіздің қолыңызды пайдаланамыз, яғни «клондалған», бұл жайлы естіп көріп пе едіңіз?»

Аталған клон дегеніміз жасушаның көбеюі арқылы «көшірме адам» жасауды көрсетеді. Адамның генінде сол адам жайындағы барлық мәліметтер болғандықтан, теориялық тұрғыдан оны жетілдіру арқылы әуелгі нұсқаға ұқсас адамды жасауға болады.

«Ааа, - деп дауысымның қалай шығып кеткенін аңғармай қалдым мен, - бұл шындығында адамды клондайтын емхана екен ғой, демек менің істен шыққан қолымның кесілген жерінен жаңа қол өніп шығады, солай ма?»

«Жо-жоқ! Олай болуы мүмкін емес, жасушаны жетілдіру барысы арнайы ортаға ие болуы керек, біз сізді ондай сұйықтықтарға малып, отырғызып қоя алмаймыз».

«Ендеше, қалай жүзеге асырасыздар?» деп таңғалдым мен.

«Клон технологиясы арқылы сол қолыңызды жасап шығамыз. Сосын, оны сіздің тәніңізге көшіреміз. Өз ағзаңыздан жасалған қол өзіңізге тиесілі болады. Кері әсері мүлде болмайды».

Емхана бастығы операция бөлмесіне мені жатқызып, жасушаларымды алуға кірісті. Ол белгілі бір сандықтың үстіне белгі қойды.

Маған қарап: «Бітті, қолдың жасалып шығуына үш ай уақыт кетеді. Сізді өз уақытында шақыртамыз. Тек сол кезде кешікпей келуге тырысыңыз!» деді де шығып кетті.

Үш айдан кейін операция өте сәтті аяқтады. Маған көшірілген қол сәл жуандау, әппақ болып көрінсе де, еркін әрекет жасауға мүмкіндік береді.

«Емхана бастығы, сізге үлкен рақмет! Өнеріңіз шынында үстем екен!» деп таңдай қақтым мен.

Неге екені белгісіз, емхана бастығы бірдеңеге алаңдаулы, көңілсіз еді.

«Сізге не болды? Бұл қолдың кері әсері болып жүрмей ме?» деп алаңдай бастадым.

«Жоқ, мен оны қиялдап жатқаным жоқ».

«Ендеше не үшін алаңдайсыз? Мінеки, менің қолым қалпына келді» деп балаша қуандым.

«Ол ғой солай, бірақ бұл барыстың ақысы тым қымбат. Бұлай бола берсе, қарапайым адамдардың бұған қолы жетпейді ғой» деді ол.

«Осы іс үшін алаңдап тұрсыз ба? Қатты қиналмаңыз, ұзақ өтпей бұл технологияның да ақысы арзандайтын болады. Бұл заңдылық емес пе?!»

«Меніңше де солай, әйтеуір ысырапшылдықты азайтсақ, жақсы болар еді» деді ол.

Оның қабағы түсіңкі еді. Мен оның соңғы сөзіне қызыға қалдым. Мен одан сірә қандай ысырапшылдықты айтып тұрғанын шұқшиып сұрай бастадым. Ол байқаусызда кейбір құпиялықтарды әшкерелеп жіберді.

«Ол былай, қазіргі технология бойынша, біз жеке дене мүшесін жетілдіре алмаймыз. Біз тек әртүрлі амалдарды қолданып, толық адамды жетілдіріп шығамыз».

«Ендеше оның қалған дене мүшесін не істейсіздер?» деп сұрадым мен таңғала.

«Өте өкінішті, оны қоқысқа тастаймыз. Негізінде, дәл сол адамды сақтап қалып, сізді біржақты етуіміз керек еді» деді емхана бастығы. Оның өңі мен алғаш көрген кездегіден де қуарып кеткен еді.

Менің жүрегім тас төбеме шықты.

Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы

Сурет: takungpao.com 

M. Auelkhan