Визитка

Визитка

Олардың шаңырақ көтергендеріне бірнеше жылдың жүзі болған еді. Олар қаладағы достарының үйіне қыдырып барды. Қайтуға қамданғанда күн кешкіріп, ауылдарына тек ең соңғы автобуспен ғана қайтуға мүмкіндік қалды. Автобустағы адамның көптігі соншалық, бейне илеудегі құмырсқадай еді. Аядай көліктің ішінде ине шаншар орын жоқ. Бұл жағдайды көрген күйеуі: «Екеуміз бір есіктен кірсек сыймай қалармыз, сен артқы есіктен кір, мен алдыңғы есіктен кірейін» деді. Әйелі мұны құп көрді. Алдыңғы есіктен қысыла кірген күйеуі автобустың ортасына қарай келіп тұрды. Жан-жағына бұрылып қарауға мүмкіндік жоқ. Онсыз да күйлері кетіп тұрған адамдардың сіркесі су көтермейді, сәл ғана қимылдай бастасаң, ұрсыса кетудің аз-ақ алдында тұр.

Кенет жұп-жұмсақ бір алақан, ыстық қол ақырын ғана күйеуінің қолын ұстады. Ол өз түйсігінде "бұл менің әйелімнің қолы емес" деп ойлады, өйткені, әйелінің қолы мұншалықты ыстық, мұншалықты жұмсақ, мұншалықты адам жанын елітердей нәзік емес еді. Ол автобустың тоқтамай жүре беруін тіледі, тіпті таң атқанша жүрсе де риза пейілде еді. Ол өзгеше бір ой түбіне түсіп кетті...

«Бұл, сірә, қандай әйел болғаны? Ол мені қалай байқап қалды? Аты кім екен деші? Онымен қалай хабарлассам екен?» деген ойлардың жетегінде тәтті қиялға беріліп кетті. Ол кенет ойынан селт етіп оянып, аса бір қағылездікпен ақырын ғана өзінің визиткасын әлгі сүйкімді де жұп-жұмсақ қолға ұстата салды.

Автобус соңғы аялдамаға жетті. Күйеуі өзгеше бір қимастық сезіммен автобустан түсті. Келесі есіктен әйелінің түсіп, өзінің жанына келгенін сезбей де қалды. Ойлары бір арнаға тоғыспай, үнсіз келе жатқан ерлі-зайыптылар жолдан өте бере, кенет құтырына құйғытқан мотоциклдің өздеріне қарай келе жатқанын көрді. Дәл осы сәтте нәзік жанды әйелі қарсы келген дүлей күшті кеудесімен тосып, күйеуін жол шетіне қарай ығыстыра қорғап қалды...

Күйеуі қанға боялған әйелін көтерген күйі емханаға жүгірді. Таң ағарған кезде дәрігер күйеуіне келіп, әйелінің көрер жарығының аз қалғанын, оның тек күйеуімен бір рет жүздескісі келіп жатқанын жеткізді. Күйеуі науқас бөлмесіне кірген кезде әйелі бір қолын қатты жұмып жатқан еді. Осыдан кейін әлгі қол бейне кинодағы баяу қойылған көріністердей ақырын ашылды. Оның жұп-жұмсақ, нәзік алақанынан күйеуінің визиткасы жерге сырғып түсіп бара жатты.

Дайындаған: Сұңқар Ақбоз

Сурет: usiter.com

M. Auelkhan