- Негізгі бет
- Тәмсіл
- Ұстаздық – тарихтағы...
Ұстаздық – тарихтағы ең ұлы іс
Ақырын жүріп, анық бас,
Еңбегің кетпес далаға.
Ұстаздық еткен жалықпас,
Үйретуден балаға, – деген Абай атамыздың өлең шумақтарын білмейтін оқушы жоқ шығар. Шынында да ұстаздық – дүниедегі барлық мамандықтың төресі. Кезекті мақаламызда ұстаздық мамандығы жайлы және сол мамандық иелері жөнінде әлемге әйгілі ойшылдар қалдырған қанатты сөздерін назарларыңызға ұсынамыз.
Шын түсінгендік белгісі – «иә» деген жауап емес, шәкірт жүзіндегі қуаныш.
Абу-ль-Фарадж ал-Исфахани
Ұстаз жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген және көрген, естіген, аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, ешнәрсені ұмытпайтын, алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі, мейлінше шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл жаны асқақ және ар-намысын ардақтайтын, жақындарына да, жат адамдарына да әділ, жұрттың бәріне жақсылық пен ізгілік көрсетіп, қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек болуы керек.
Әбу Насыр әл-Фараби
Мұғалім ісі – сырттай қарапайым болғанмен, тарихтағы ең ұлы істің бірі.
К. Д. Ушинский
Егер мұғалім өн бойына өз ісіне, шәкірттеріне деген сүйіспеншілікті жинақтаса, ол – нағыз ұстаз.
Л. Н. Толстой
Егер мұғалім өз бойына еңбекқорлықты және шәкірттеріне деген сүйіспеншілікті біріктірген болса, ол – кемел ұстаз.
К. Д. Ушинский
Мұғалімдік мамандығы – бұл адамтану, адамның күрделі және қызықты, шым-шытырығы мол рухани жан дүниесіне үңіле білу. Педагогикалық шеберлік пен педагогикалық өнер – ол даналықты жүректен көре білу.
В. А. Сухомлинский
Ұстаз деген ұлағатты атауды естігенде, әлі күнге дейін өзімді шәкірт сезінемін.
Серке Қожамқұлов
Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектеп сондай болмақшы. Яғни, мұғалім білімді болса, ол мектептен балалар көбірек білім алып шықпақшы. Солай болған соң, ең әуелі мектепке керегі – білімді, педагогика-методикадан хабардар, жақсы оқыта білетін мұғалім.
Ахмет Байтұрсынов
Дана халқымыз "бір әріп үйреткенге 40 жыл тағзым" дейді. Ұстаздың ісі – өлшеусіз, баға жетпес асыл өнер. Болашақ ақын да, жазушы да, актер де, шахтер де аяулы ұстаздың алдынан тәлім алып, білім нәрімен сусындайды. Сондықтан екінші анамызға айналған абзал жандарды қашанда құрметтеп, басымызды иіп өту – мәңгілік борышымыз.
Ж. Исакаев