Бір азаматтың үш арманы бар еді. Ол: табысы жоғары қызмет, сұлу әйел және әлемге танымал атақты адам болу.
Аязды күні ол бір атақты фирмаға қызметке тұру үшін кездесуге асығып бара жатты. Күтпеген жерден тура оның алдында бір жасы келген кісі мұзға тайып құлады. Ол құлаған кісіге көзін салды да, ішіп алған адам болуы мүмкін деп ойлап, қолын көмекке созбастан, кездесуге асығып кете барды. Сөйтіп кездесуге уақтылы барды. Бірақ ол сәтсіз аяқталып, қызметке тұра алмады.
Ол кісі жаздың бір әдемі кешінде қаланы аралап жүрген болатын. Қала алаңында көше әртістерінің өнер көрсетіп жатқанын байқаған ол тұра қалып тамашалады. Көрермендер аз еді, бірақ пьеса өте көңілді әрі қызықты болды. Көрініс біткен соң жұрт шапалақ ұрып, тарқай бастады. Әлгі кісі де теріс айнала беріп еді, біреу оның иығынан жәй ғана түртті. Бұл, әлгі пьесадағы бас кейіпкер, клоун-кемпір болатын. Ол спектакль ұнады ма, әртістер өнері ше деп сұрады. Бірақ ол әңгімелескісі келмей үнсіз кетіп қалды.
Бірде, жаңбыр құйып тұрған кеште ол досының туған күнін тойлап, үйіне шаршап келе жатты. Тезірек ваннаға түсіп, жылы төсекке жата қалғысы келіп тұрған болатын. Есік алдына келгенде ол біреудің жылап отырған дауысын естіді. Жылап отырған бір әйел екен. Әйелдің ең болмаса қолшатыры да жоқ. Жалғыз өзі. Ол келе жатқан адамнан көмек сұрады. Отбасында бақытсыз жағдай болған екен. Сондықтан оған бір жүрек жарып, ашық әңгімелесетін адам керек еді. Ал әлгі кейіпкеріміз қысқа ғана ойланып тұрды да, есіне ванна мен жылы төсек түсіп, үйіне кіріп кетті.
Ол пақыр сөйтіп бақытсыз, мәнсіз ғұмыр кешіп, бақиға кетті.
Жаратушысының алдына оралған ол қорғаушы періштесіне жолықты.
– Сен білесің бе, мен бір сондай бақытсыз, мәнсіз өмір сүрдім ғой,-деді. -Менің үш арманым бар еді, үшеуі де орындалмады. Өте өкінішті...
– Хым-м...Достым, мен сенің сол үш арманыңның бәрі орындалсын деп барлық жағдайды жасадым. Бірақ маған да сол үшін үш нәрсе керек еді: ол сенің қолың, сенің көзің және сенің жүрегің.
– Онымен не айтпақшысың?
– Есіңде ме, қатты суықта сенің алдыңда тайып құлаған ересек кісі? Қазір мен саған сол оқиғаны көз алдыңа келтірейін...Ол сол сен қызметке тұруға қызығып жүрген фирманың Бас директоры болатын. Сені үлкен карьера күтіп тұр еді. Бар-жоғы сенің көмекке созған қолың ғана керек еді.
Ал әлгі клоун-кемпір есіңде ме, көшедегі пьеса тарқаған соң саған бірнеше сұрақ қойған? Ол сені бір көргеннен ұнатқан сондай бір сұлу қыз еді. Сәтін салғанда, сендерді бір бақытты өмір, көп бала-шаға, таусылмас махаббат күтіп тұр еді. Бірақ ол жерде сенің көзің ғана керек еді, сол болмады ғой...
Ал есігіңнің алдындағы жылап отырған әйел есіңде ма? Сол кезде жаңбыр құйып тұрған болатын. Оның киімдері әбден су болған еді. Ол әйел атақты бір жазушы еді. Оның отбасында бір тоқырау жүріп жатқан болатын. Сол сәтте оған бір рухани көмек өте қажет болып тұрды. Егер сен сол кезде оны пәтеріңе кіргізіп, жылытып, жылы сөздеріңмен демеп, көңілін аулағаныңда, ол осы оқиғағаны бір керемет қызық кітап қылып жазар еді. Ал сол кітап бүкіл әлемге тарап, жазылуына себепкер болған сен аяқ астынан әлемге танымал атақты адам болып шыға келер едің. Сенен керегі сол кезде жылы жүрек қана еді. Ал сен достым, сол кезде салқынқандылық таныттың...
Адамымыз бір күрсініп алып, айлы түнде самсаған жұлдыздарға қарай кетіп бара жатты...
Мораль: әлемде құлағыңды түріп жүр, себебі ол неше түрлі мүмкіндік береді. Ал қолды тек көмек сұрағанда ғана емес, басқаларға қажет кезде де соза білген дұрыс!