- Негізгі бет
- Тәмсіл
- Үнсіз жеңу...
Үнсіз жеңу
Бір күні кедей жоқ қарап, қыр басына шығады. Түс әлеті болғанда атын байлап, түстенуге отырады. Дәл сол кезде оның қасына ауылдың байы жетіп келеді. Кедей байлаған ат ағашқа ол да атын байлайды.
- Атыңызды ана ағашқа байламаңыз, атым тым асау, атыңызды теуіп жіберуі мүмкін, – дейді әлгі кедей оған.
- Атымды қайда байлау өз еркімде, жұмысың болмасын, - дейді де, ол да асқа отырады.
Көп өтпей жылқының шыңғырған дауысы шығады. Екі ат тебісе жөнеледі. Екеуі де жүгіреді. Бірақ олар барғанша кедейдің аты байдың атын теуіп өлтіреді.
- Атыңның қылған қылапатын көрдің бе? Ат төлейсің маған! – деп байекең айғайға басады.
Екеуі келісе алмай, қазының алдынан бір-ақ шығады.
- Сенің атың ананың атын теуіп өлтіргені рас па? – деп сұрайды қазы.
Кедей жұмған аузын ашпайды. Қазы кедейді тағы да сұраққа тартады. Кедей сол беті жақ ашып жауап бермей қояды. Амалы таусылған қазы:
- Бұған не шара? Ол өзі сөйлей алмайтын мылқау екен, - дейді.
Таң-тамаша болған бай: «Алғаш кезіккенде сарнап тұрған болатын» дейді.
«Ол не деді? Рас па?» деп сұрады қазы.
- Әрине, рас! Ол маған «Атыңды атыммен бірге байлама, атым асау ат, егер бірге байласаң, ол сенің атыңды теуіп өлтіруі мүмкін» деген.
- Мәссаған, - дейді қазы, - Ендеше сенікі жөн емес, өйткені ол алдын ала саған ескертіпті ғой. Сондықтан, ол атыңды төлемейді.
Қазы сыртқа шыққан соң:
- Сұрақтарыма неге жауап бермедің? – деп сұрайды.
- Бай-манаптардың ұшан-теңіз сөзіне сенсеңіз де, жарлының сөзіне сенетін заман емес екенін білем ғой. Сондықтан шындықты оның өзіне айтқызғым келді. Сосын бәріне көзіңіз жеткен жоқ па?! – деп жауап береді кедей.
Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы
Сурет: kaz-patriot.kz
M. Auelkhan