Арман адам баласын игі істерге жетелеп, болашаққа бағыттайды. Ең бастысы, жігерлендіріп, өмірді сүюге баулиды. Назарларыңызға арман мен мақсат туралы қанатты сөздер ұсынамыз.
Егер мақсатың болмаса, түк те тындыра алмайсың, ал мақсатың мардымсыз болса, ешқандай көрнекті нәрсе тындырмайсың.
Д. Дидро
Адам мақсатына арамдықпен жете алмайды.
К. Маркс
Күшіне сенген адам ғана мақсатына жете алады.
Л. Фейербах
Арманның өмір шындығынан да асып түсетін кездері болады, өмір шындығының да арманнан аяулы сырлары бар. Нағыз бақыт осы екеуінің түйіскен жерінен табылар.
Л. Н. Толстой
Армандай білуге бейімділік те ұлы даналық бар. Арман бұл дүниеге қызықтырып, оған мән-мағына дарытады. Арман, егер мейлінше жүйелі болып, ақылыңа ғана жүгінсе, өзі бейнелес шынайы өмір жасай берген сайын бұрынғысынан да сұлулана түседі.
А. Франс
Арманмен ойнау қауіпті, күйреген арман өміріңді бақытсыздыққа душар етуі де мүмкін.
Д. И. Писарев
Менің арманым өмірден ешқандай қол үзіп көрген емес, ешқашан мен болмайтын нәрсеге бас қатырып, құр қиялға берілмеймін.
Н. А. Островский
Арман жақсы-ау, пайдалы-ау, тек оның арман екенін ұмытпасаң болғаны.
Э. Ренан
Белгілі бір мақсат қоймаса, ақылдың өзі ада болады, бәрін білемін дегенің – еш нәрсе білмегенің.
М. Монтень
Мақсатсыз өмір сүрген адам неткен бейшара.
И. С. Тургенев
Менің арманым өмір үнемі алға қарыштай берсе екен, сейсенбі дүйсенбіден жақсырақ, зұлымдық кешегіден бүгін азырақ болса екен, адам бүгінгіден ертең ақылдырақ, бір-біріне мейірімдірек болса екен деп тілеймін.
Г. И. Успенский
Біздің ең зор мақсатымыз – адам баласының бақытты болуы.
И. Франко
Талаптың мініп тұлпарын,
Тас қияға өрледің.
Абай
Пайда ойлама, ар ойла,
Талап қыл артық білуге.
Абай
Іздесең – табасың, алыссаң – аласың.
М. Әуезов
Үміті мен арманы көп адам осы сәттің өзінде де келешектің құшағында өмір сүреді.
Л. Шефер
Үміт өрге тартады, үмітсіздік көрге тартады.
Б. Момышұлы
Бойыңызға болашақтың арман-мұраттарын дарытыңыз, оның өзі шын мәнінде күн шұғыласы тәрізді.
М. Салтыков-Щедрин
Мейлінше беріліп, көп армандай білу керек, болашақты бүгіннің игілігіне айналдыру үшін де батылырақ армандай беру керек.
М. М. Пришвин
...арман деген көп белес. Біріне шықсаң, бірі бар. Белес түбі – бір асқар.
Ғ. Мұстафин
Жамандықты кім көрмейді. Үмітін үзбек – қайратсыздық.
Дүниеде еш нәрседен баян жоқ екені рас, жамандық та қайдан баяндап қалады дейсің? Қары қалың қатты қыстың артынан көгі қалың, көлі мол жақсы жаз келмеуші ме еді?
Абай
Мақсат іс-әрекетсіз – тұл, бір нәрсеге мүдделі болмаса, мақсат – тұл, ал іс-әрекетсіз өмір – тұл, мүдделіліктің, мақсат пен іс-әрекеттің қайнар көзі – қоғамдық өмірдің субстанциясы.
В. Г. Белинский
Арман – жарық жұлдыз, онсыз айқын бағдар жоқ, бағдар болмаған соң, алға басу да жоқ, тірлік те жоқ.
Л. Н. Толстой
Алға ұмтылу – өмірдің мақсаты осы ғой. Өмірдің мәні мақсатқа жету жолындағы іс-әрекеттің парасаттылығы мен пәрменділігінде, ендеше тұрмыс-тіршіліктің әрбір сәтінде алда үлкен мақсат тұруға тиіс.
М. Горький
Барлық уақытта, ертеден қара кешке дейін, тіпті түнде де армандаумен боламын. Мен толып жатқан күш-қуат жоғалтамын, әйтсе де, аккумулятор сияқты, бойыма жігер отын да жинаймын. Менің ең фантастикалық арманымның өзі әрқашан өмірлік, жерден қол үзбеген арман болып қалады, ешқашан мүмкін емес нәрсе туралы армандамаймын.
Н. А. Островский
Өмірден мүмкін еместі талап еткен адамның өз үмітіне алдануы хақ.
Д. И. Писарев