Кішкентай Балақай күні-түні өмірге қуанып, күліп-ойнап жүрді. Қасына үнемі Уақыт ерді. Сеп-семіз, топ-толық, үп-үлкен Уақыт көп болатын. Уақыт деген бәріне, барлығына жетіп артылатын: балалармен футбол ойнауға да, теледидар көруге де. Және Балақайдың - Уақытпен, Уақыттың - Балақаймен еш шаруасы болмайтын.
Балақай ер жетті. Дос-жарандар, құрбы-құрдастар пайда болды. Іс деген атау қосылды. Әр Іске көп Уақыт қажет еді. Бала Уақыттан аздап кесіп алуды әдетке айналдырды: көлік жөндеуге, қызбен қыдыруға. Уақыт Бала артынан ере беруден шаршамады - Уақыт бар-тұғын.
Дос-жаран, ағайын-туыс, құрбы-құрдастар Балаға өз мұңдарын шағып келе бастады. Олардың әрқайсысына Уақыт қажет-тұғын. Бала өз Уақытын өлтіруге әрқашан құлық білдірмесе де, өзгелер көмектесіп жатты. Бірде көршісі келіп, өсек айтып кетсе, енді бірде дос баласы қала аралауға алып шығатын. Одан қалды әр күн сайын өз дегендерін жасап үйренген теледидар, компьютер, телефон деген құбыжықтар бар-ды.
Өзгелер кеміріп жатқан, өзі де ұрлап тұратын Уақытқа ара-тұра көз тастайтын болды. Бірақ, еш нәрсе демейтін: болмайды... онда... мұнда дегендей.
Ақыры Уақыт өлді. Ендігәрі Уақыты қалмады.
Баласы келіп сұрады:
- Әке, саябаққа ма, киноға ма барып қайтайықшы!
Ол оған:
- Кешір, ұлым, менің уақытым жоқ! - деді.
Әкесі қоңырау шалып, сұрады:
- Қалайсың? Хабарласпай кеттің ғой?
- Кешір, әке, менің уақытым жоқ.
Уақыт - көзге көрінбейтін ең қымбат әрі ең бағалы қор. Оны басқара біл. Алда мақсаттар болсын. Өмір мен жарқын істерді жобала. Бір күні бәріне, барлығына жететін Уақыттың күлімдеп тұрған жүзін көр!..