Тіл туралы мақал-мәтелдер

Мақал-мәтелдер – фольклордың бір түрі. Халықтың өмірлік тәжірибесінен алынған ой түйіні, халық даналығының бір көрінісі болып табылатын ұлт құндылығының киесі қашан да жоғары. Бүгін біз сіздердің назарларыңызға тіл өнері жайлы бір топ мақал-мәтелді ұсынғалы отырмыз.

***

Тіл – көңілдің кілті.

***

Тіл тәтті, бауыр қатты.

***

Тіл қылыштан өткір.

 ***

Тіл – тіліп түсер наркескен,

Сөз – өткір жебе тау тескен.

 ***

Тілде тиек жоқ, ауызда жиек жоқ.

Тілмен тікен де алады.

***

Тіл ерді қабірге салар,

Нарды қазанға салар.

***

Тілі екеудің ділі екеу.

***

Тіріде жанға тыным жоқ,

Қызыл тілде буын жоқ.

***

Тілге шешен, іске мешел.

 ***

Ашынғанның тілі ащы.

*** 

Ашынған тілді, ашыққан ұры болады.

 ***

Тіс – тілдің қамалы.

*** 

Пілден тіл күшті.

 ***

Піл көтермегенді тіл көтереді.

*** 

Татуға – тіл, сұлуға – сұқ.

*** 

Тексіздік – тілсіздіктен.

*** 

Ең тәтті де – тіл,

Ең ащы да – тіл,

Ең жұмсақ та – тіл,

Ең қатты да – тіл.

 ***

Қу тіл – қоңылтақ етік.

 ***

Ер қазынасы – жүрген із,

Ел қазынасы – көне көз,

Тіл қазынасы – ескі сөз.

*** 

Қотыр қолдан, пәле тілден жұғады.

*** 

Адам тілінен табады,

Сиыр мүйізінен табады.

*** 

Тіл – ақылдың өлшемі.

*** 

Тілді ноқталасаң, басың сақталады.

 ***

Жалақ кісі тілінен жазар,

Таз кісі қолынан табар.

 ***

Әдеп басы – тіл.

*** 

Тілмен байланған қолмен шешілмейді.

 ***

Он пәленің тоғызы – тілден.

 ***

Өткір тіл – дарын,

Ұзын тіл – жауың.

 ***

Кінәлінің тілі қысқа.

 ***

Бал тамған тілден у да тамады.

 ***

Пенденің қарны тойса,

Тілінен ерік кетеді.

 ***

Қызыл тіл - жанның мияты,

Абырой – ердің қуаты.

 ***

Айтсам, тілім күйеді,

Айтпасам, ділім күйеді.

 ***

Сыйларға асың болмаса,

Сипарға тілің болсын.

 ***

Бас кеспек болса да,

Тіл кеспек жоқ.

 ***

Ашуың келсе, қолыңды тарт,

Айтпас жерде тіліңді тарт.

 ***

Тіл – бұлбұл, сөз – бұлақ.

 ***

Тіл дәмдіні ұнатар,

Көз әрліні ұнатар.

*** 

Тіл – ойдың шындығы.

 ***

Тіл қаруы – сөз.

 

Тіл – ұлттың жаны.

*** 

Тіл – көңілдің тілмәші.

 ***

Адам көңілден азады,

Тілден жазады.

 ***

Туған жер – тұғырың,

Туған тіл – Қыдырың.

 ***

Тілін білмеген түбін білмейді.

*** 

Көнектей басқа шүмектей тілің жау.