Кешке қарай үйдің жанында бір қария мен жігіт әңгімелесіп отыр еді. Жігіт қолына шылым алып:
- Ата, мен темекі тартуды үйреніп жүрмін. Осының қандай қасиеті барын білмедім, бірақ қатарластарымның бәрі тартады. Мен де қалмайын деп бастадым, - дейді.
- Темекі тартудың басты үш қасиеті бар, - деді қария ойланып.
- Қандай?
- Біріншіден, темекі тартқан адам қартаймайды.
- Шынымен бе? Сыры неде?
- Өйткені, темекі тартқан адам қартаю шағына жетпей көз жұмуы мүмкін. Бұл – бір. Екіншіден, шылымқордың үйіне ұры түспейді.
- Себебі?
- Темекі шегетін адам жарым өкпе болады, ылғи жөтеліп жатады. Дыбыс шыққан жерге ұры жоламайды. Үшіншіден, шылымқорды ит қаппайды.
- Себебі?
- Темекі шегетін адам жарымжан болған соң қолына таяқ алып жүреді. Таяғы бар кісіге құтырған ит болмаса, есі дұрыс ит жуымайды, - деді қария.
Жігіт ойланып қалды...