Тайыр Жароков 1908 жылы 26 қыркүйекте Батыс Қазақстан облысының Орда ауданына қарайтын Жетібай ауылында, Нарын құмының етегіндегі Темірбек деген жерде дүниге келген. Әдебиетке өткен ғасырдың 20 жылдарының аяғында, 30 жылдарының басында келіп, шығармалары орыс және ТМД халықтары (өзбек, тәжік) сондай-ақ, ағылшын, неміс, поляк тілдеріне аударылып, шет елдерде де кең тараған. Тайыр Жароков –диапазоны (ауқымы) кең ақын. Ол туған елі Қазақстанмен қатар, сол тұстағы бүкіл Кеңестер одағын мекендеген көптеген ұлттардың жарқын өміріне жақсы өлеңдерін арнады. 1941–1945 жылдары ол өзінің қара басының жеке өмірімен де, жүрегінен жарып шыққан буырқанған отты, жігерлі өлеңдерімен де отансүйгіштігін көрсетті, перзенттік сезімін жырлады. Сонымен қатар Тайыр Жароков кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиетінің поэма жанарның өркендеуіне елеулі үлес қосқан эпик ақындардың қатарында болды. Ол жиырмаға жуық поэма жазды. Назарларыңызға Тайыр Жароковтың ел арасында кең тарап кеткен әзілдерін ұсынамыз.
*****
Тайыр Жароков жазған өлеңдерін үнемі бір машинистка қызға бастырады екен. Бір күні машбюроға кіріп, алаңдап, іздеген адамын таппай шығады. Сөйтсе әлгі қыз шашын кесіп тастағандықтан танымай қалған екен. «Іздеген қызыңыз міне отыр ғой» дегенде:
— Білуші едім бұл жердің машинискесін,
Япырмау, не боп кеткен шашын кескесін, – деген екен.
*****
Бала Тайыр бір күні кешке таман сиыр идіріп тұрған кезде ағасы келіп:
— Әй, Тайыр, оңдап еміз баспағыңды,
Ағаңнан білемісің жасқануды.
Жасқанбай, сиырды оңдап саудырмасаң,
Қазаннан жеп қоярмын қаспағыңды, – депті. Тайыр ұялып, қапелімде қысылып қалады. Бірақ бірдеме деп жауап қайтарғысы келеді. Жұрт:
— Ал, Тайыр айтады... Айт, Тайыр, – деп кеу-кеулеп кетеді. Сонда Тайыр табан аузында былай деп суырып қоя береді:
— Әл бермей, қастық қылса, қасқа баспақ,
Қас қылып, шөгір кірген аяқ басса-ақ.
Саудырман жасқамақтап, сабасаң да,
Жеңілмен, қақсасаң да бермен қаспақ.
*****
Тайыр Жароков Орал қаласынан астанаға қайтқан сапарында Фурманов, Казтоловка, Қаратөбе, Чапаев т.б., аудан басшыларымен сапарлас болып қалады. Чапаев аупарткомының хатшысы, Меңдалиев Кенжеғалидан басқасы Тайыр ақынға барып сәлемдесе қоймаса керек. Бірақ олармен вагон асханасында кездесіп қалады. Сонда ақын оларға былай деп бір-бір ауыз әзіл арнаған екен:
Мына отырған Құрекең,
Бұ да бір дырдың өзі екен.
Министрге жете алмай,
Жалпақталдың ішінде,
Көзге ілінбей жүр екен.
Ильясов Қойшыбай,
Шошайып тұрма қойшыдай.
Басқаны бұл не қылсын,
Шаруаны ойлап келед жолшыбай.
Меңдалының Кенжесі,
Чапаевтай кеудесі.
Ауданға герой бұл қожа,
Жоқ қой мұның теңдесі.
Жұрттан бұрын сәлем бергені,
Тұрмағанда өзгесі.
Мына отырған «жігіт» қыз,
Не ғып жүрсің жігітсіз?!
Осыған бір бай таппай
Әй, жігіттер, қызықсыз.
Бір құрдасым Уайсов,
Аузы-мұрны майысып,
Отырушы еді әр жерде
Өсек айтып шай ішіп.