- Негізгі бет
- Тәмсіл
- Тәрбиесіз берілген білім...
Тәрбиесіз берілген білім - адамзаттың қас жауы
Білімді адам қашанда өз-өзіне сенімді, болашағына нық қадам басады. Білім арманыңа жетуге қанат бітіреді жас оқырман. Сондықтан қашан да білім алуға ұмтылыңыз. Қазақ халқы «тал бесіктен жер бесікке дейін үйрен» деп бекер айтпаған. Төменде Мырзагелді Кемелдің "Абзалдық әліппесі" кітабынан білімге қатысты даналар айтқан сөздерді ұсынамыз.
Білім өмірде - таяныш, жолда - дос, жалғыздықта - жолдас, қуанышта - бастаушы, қайғыда - медет, күресте - құрал, зұлымдыққа қарсы айла деп діни хадистерде бекерге айтылмаған. Қараңғылық - бар бәленің бастауы, тасырлық та, тоғышарлық та содан, қараңғылықтың бұғауы мен надандықтың кісенінен азат ететін жалғыз күш - оқу.
"Білген адам - өкінбейді, мейірбан адам - мазасызданбайды, батыр адам - қорықпайды”,- дейді Конфуций. Өзі сүйіп көрмеген адамға махаббаттың не екенін түсіндіре алмайсың. Сондай-ақ өзін-өзі аяйтын, жанын кешіп жұмыс істегісі келмейтін адам білімдар бола алмайды.
"Мәдениеттің үш түрі бар: тұрмыстық мәдениет, яғни, жаңа ақпараттарды жай ғана жиюшы; діни мәдениет, оның мағынасы, белгілі бір нұсқаулықтарды орындаумен шектеледі; санаулылардың мәдениеті - өзін-өзі дамыту",- депті Худживри ұста.
Білу дегеніміз жеңу. Ғылым, білім - тоғышарлыққа ем.
Өз қанатың болмаса өзгенің қанатымен ұша алмайсың.
"Іздеген сирек болса да табады, іздемеген ешуақытта таппайды",-дейді Бальзак. Білім көңілге күдік туғызады, ал күдік тағы да жетігірек білуге жетелейді, демек, білім қосыла береді. Білім - адамның ақылын қозғап отыратын керемет күш, адамзат ақиқатқа баратын жолда білу арқылы жапа шегіп жатады. Тоғышарлық болса ештеңеге күдіктенбеуімен, ештеңені білмеуімен, білгісі келмеуімен, солай бола тұра, бәрін білемін деуімен мықты болғысы келеді. Білімділік - күдіктену арқылы көзіңнің жетуіне, тоғышарлық - тоңмойындыққа алып келеді.
Қазақтың тарихы келте, жөнді сақталмаған дегенді көп айтамыз. Бір өзі мыңға, миллионға татитын Абайымыздың қадіріне де енді жеткендейміз. Мен қазақты үшке бөлген болар едім: Абайды оқығандар, Абайды оқысам деп жүргендер және Абайды оқу керектігі ойына кіріп те шықпайтындар, - деп.
Ең бағалы табиғи тасты алмаз дейді, оны қырландырып, тәртіпке келтірген соң ғана бриллиантқа айналады. Бриллиант үлкен болып, қыры көп болған сайын бағалы. Оқу-біліммен қырланған ақыл да солай.
“Білім - күш”,- дедік. Шын мәнінде, білім бар болғаны кілт қана, оның орнын тауып қолдана білсең ғана күш-қайратқа ие боласың.
"Білімсіздік - бұл ымырт, оны жамандық кезіп жүреді. Көшені жарықтандыруды ойласаңыздар, мархабат; ең бастысы ақыл ойды ағартуды ойласаңыздар екен",- дейді Виктор Гюго.
Құр оқи бергенмен ештеңе шықпайды, әлсін-әлсін ойыңды қозғап қой, пайдаланылмай қалған ақылды тот басады.
Білім де талпынсаң қонады. "Ит маржанды не қылсын",- деп ұлы Абай айтқандай, маржанды қажетсінген адам, оны іздеп тереңге бойлай білген адам табады. Ал тереңге бойлау үшін талап керек.
Білімі ақылынан көбірек адам, білімінен таяқ жейді.
Өмірден үлкен ұстаз жоқ. Киікбай деген би айтқан екен: "Нағыз бақ еңбектіге бітеді, өмір үйретіп данышпан етеді. Ақылым - атам, білімім -бабам",- деп.
"Білім деген зейін, ал ақыл басқа",- деуші еді өмірінің 45 жылын ораза ұстап өткізген, сексеннен асып қайтыс болған Сақы нағашым. Дүниенің сыры тек білумен түгенделмейді.
Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім - адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі,- деген Әл-Фараби бабамыз.
Неміс халқында бала тәрбиелеуде екі ерекшелік бар, біріншісі: баласымен тең кісідей сөйлеседі, сөйлесе отырып мүмкіндігін байқайды, осал жерін байқатпай көтеріп отырады, екіншісі: баласын ең негізгі нәрсеге, сөйлеп тұрған адамның мінезіне, дауыс екпініне, қысқасы, биязы-оспадарлығына қарамастан тыңдай білуге үйретеді. Себебі тыңдай білмейтін адамның айтар ойы да аз болады.
Талантты деп ерекше қабілеті бар адамды айтамыз. Талант ескі гректер мен римдіктерде табиғи сый мен қабілет.
Даль оны - жолы болу, табыс, бақыт деп бағалаған. Эдисон: Талант дегеніміз бір процент қана қабілет, ал қалған 99 проценті еңбек,- депті.
Талант асыл тас сияқты. Қанша үйкесең, соншама жалтырайды.
"Алаған қолым береген",- деген қазақ. Біреуден үйрену үшін, оған да үйрете алатын бір нәрсең болуы керек.
Оқыған, естіген жақсы ой, пайдалы әңгімелерді тарата жүр, менен басқа ешкім білмесін деме. Ағаш саған өзінің саясын, жемісі мен гүлдерін беріп тұрса, мен ғана пайдаланамын деп түбімен көтеріп әкетсең, солады.
Т. Раушанұлы