Табиғат сыйлайтын әрбір әсер адам өмірінде үлкен рөл атқарады. Ол жайлы айтылған өнегелі сөздер, мақалдар мен өлең-жырлар аз емес. Оның керемет әсемдігін жырға қосып, суреттеп жазған ақындар да көп. Ендеше назарларыңызға табиғат туралы нақыл сөздер легін ұсынамыз.
Табиғаттың өзінде өзгеше бір сүйсінерлік, жанға жайлы бір нәрсесі бар.
Шоқан Уәлиханов
Ағаштың жемісін жеймін десең, түбіне балта шаппа.
Сайф Сараи
Ұшы-қиыры жоқ теңіздей шексіз даланы неше алуан шөп басып, үлбіреген нәп-нәзік гүлдер бейне жасыл дастарқандай боп жайылады.
Шоқан Уәлиханов
Ең бастысы, табиғатпен тіл табыса білуге ұмтылдым. Шалғай ашық аспаннан, шуақты күннен, көктемгі жаңбырдан пайдалы сыр іздедім.
Жазылбек Қуанышбаев
Дала тұрғынын басқаша көрініс, басқаша табиғат қоршайды. Жайқалған өзен, кең айдынды тұнық та жарқын, үйрек, қаз, аққулар су бетінде әсем қалықтап жүзеді, қиқулап үн қосады, бірақ бәрі де орынды, жарасымды.
Шоқан Уәлиханов
Дүниенің көрінген не көрінбеген сырын түгелдеп, ең болмаса денелеп білмесе, адамдықтың орны болмайды.
Абай Құнанбаев
Сахарада тынысыңыз бір түрлі кеңейіп, ой-өрісіңіз де қанат жаза түседі, онда етек жеңіңді кеңге салып, емін-еркін жүресіз...
Дала көшпенділерінің поэзия мен шынайы сезімге бейім болуына өмір бойы табиғат құшағында жүруі – жасыл майса дала, ашық мөлдір аспан, көші-қоны көп тұрмыс әсер етпесіне кім кепіл?
Шоқан Уәлиханов
Қоғалы көлдер, құм, сулар,
Кімдерге қоныс болмаған?
Саздауға біткен құба тал,
Кімдерге сайғақ болмаған?
Махамбет Өтемісұлы
Көз көріп, құлақ естімеген табиғаттың таңғажайып кеңістігін таңу жолында қазіргі адам баласы жеткен ұлан-ғайыр рухани дүние өрісін, жеке бір салаларда ғана болмаса, көркемдік ой жүйесі әлі тұтас қамти алған жоқ.
Адам рухани дүниесін сыртқы табиғат құбылысын тану арқылы қалыптастырады да, өзін жалпы жаратылыстың бір пұшпағы ретінде сезіне білді.
Су мен жер туралы ой – бұл түптеп келгенде адамның өзі туралы ой.
Экологиялық проблемалар – ең маңызды өмірлік проблемалардың бірі ғой, өйткені әңгіме адамның өмір сүрген ортасы туралы, болашақ ұрпақтардың өмірі туралы болып отыр.
Адам мен айналадағы ортаның өзара қатынасы суреткерді әрқашан да тебірентіп, әрқашан да талаптандырып отырады.
Табиғатты қорғау мәселелеріндегі ведомстволық көзқарасқа, өткінші тиімділікке төзуге тіпті де болмайды.
Шыңғыс Айтматов
Алтайым, Табағатай, Алатауым,
Мекендеп қазекемдей ел бір қауым,
Бөленіп белуардан шалғынына,
Рахатты өткізеді жаз жайлауым.
Сәбит Мұқанов
Алатау Жетісумен құшақтасқан,
Еліне қазыналы қойнын ашқан,
Бауырында Қазақстан астанам бар, -
Бір бауыр орыс-қазақ араласқан.
Жамбыл Жабаев
Мен рақметімді алдымен жерге айтар едім, өзімді дүниеге келтірген, маған бақыт әперген, жомарт төсінде дән дариясын тасытқан, о қасиетті Жер-ана, сенсің менің ардақтым.
Барша байлықтардың анасы – Жер. Жерді күтіп баптай білу, оның қойнауынан қазба байлықтарын игеріп ала білу, табиғатпен қоршаған ортаны түлетіп гүлдендіре беру өз қолымызда.
Ел мен жер – оның көгілдір арманы мен мөлдір көлдері, байтақ даласы мен асқақ таулары – біздің басты байлығымыз. Жер, су, ауа адам баласының ұрпағынан ұрпағына мұра болып келе жатқан мол қазына. Міне, осы қазынаны аға ұрпақ өкілдері біз де, кеңес адамдарының жас ұрпағы – сендер де, барлығымыз да көз қарашығындай сақтап, ел игілігіне жұмсауымыз қажет.
Біз табиғаттың өзін қайта түлететін ұрпақпыз. Әрбір ағашты, әрбір бұлақты, жалғыз дәнді де ыждаһаттылықпен сақтау, қамқор болу – басты міндеттің бірі.
Жердің төсін еміп, жемісін еріп жеген адамзат нендей ғажаптарды осы жер бетінде жасайды.
Жер... Қасиетті де қастерлі жер. Сен ыстықсың бәрінен де. Сенің бойыңда өзекті жанды өзіне тартып тұратын керемет күш бар. Жер, қандай қасиетті сөз. Осы бір сөзде бүкіл тіршілік тынысы тұрғандай. Бұл сөздің терең мағынасын адам тілімен айтып жеткізіп алар ма, сірә.
Ыбырай Жақаев