- Негізгі бет
- Тәмсіл
- Шөл даладағы екеу...
Шөл даладағы екеу
Шөл даламен екі адам келе жатады. Кенет екеуі бір нәрсеге келіспей қалып, ұрсыса бастайды. "Сенің ойың қате", – деп өзінікін дәлелдемек болған бірінші адамның сөзін "Дұрыс емес ойлап тұрсың", – деген екінші адамның дауысы бөліп жібереді. Екеуі осылайша кеш түскенше сөз таластырады.
Жер бетін түн басып, ай шыққанда екеуі бір-бірін көрместей болып кеткен еді. Қас дұшпанға айналып, бір-бірін мойындағысы келмеді. Сөйтіп екеуі де өз жолдарымен жүруді ұйғарады. "Сен өз жолыңмен, мен өз жолыммен жүрейін" дескен екеу қараңғы, суық түнге қарамай екіге айырылады. Айнала шөл еді. Бірінші адам адымдап алға жүріп кетті. Артынан екінші адамның ілескенін көрген ол: "Мен қандай мықты адаммын! Ол менің артымнан жүріп келе жатыр, менсіз жалғыз жүру қайда оған!", – деп масаттанады. Сол кезде екінші адам болса: "Ол қандай әлсіз еді! Оны қорғау үшін артынан жүруім керек. Оған бірдеңе болып қалса, өле-өлгенше өзімді кешір алмаспын", – деп ойлап келе жатыр еді.
М. Оңғарова