Ежелде бір билеушінің аса үлкен, әдемі бағы болыпты. Ол уақытының көп бөлігін осы жерде өткізеді екен. Бір күні бағына кірсе, өсімдіктің барлығы семіп, шетінен солып жатыр екен. Аң-таң болған билеуші өсімдіктерге қарап тіл қатады:
– Сендерге не болған?
– Мен Қайың секілді ұзын әрі жіңішке болғым келеді. Осы арманыма жете алмай өліп барамын, – деп жауап береді қисайып әрең тұрған Емен, – оның үстіне Жүзім ағашы секілді басқаларға тәтті жеміс ұсынып та қуанта алмаймын.
– Ал мен Лала гүлі секілді гүл жарып, айналама хош иісімді шаша алмаймын, – деп мұңайды салбырап тұрған Жүзім ағашы. Ал Лала гүлі болса:
– Маған емендегі мықтылық пен беріктік жетіспейді, – деп тұнжырады.
Патша көңілі түсіп, бақты аралап келе жатқанда алдынан жайқалып өсіп тұрған, жұпары аңқыған нәзік те сұлу гүл Фрезия кезігеді. Бақтағы басқа өсімдіктерден оның ерекшелену себебін сұрағанда Фрезия былай жауап береді:
– Сіз менің орныма емен, жүзім ағашы не лала гүлін өсіргіңіз келсе, басқа тұқым таңдар едіңіз. Жоқ, тура осы жерде дәл менің өсіп тұруымды тіледіңіз. Айналасына хош иісін шашып, көркімен көз сүйсіндіріп тұрсын деп, басқа емес, мені таңдадыңыз. Сондықтан мен ешқашан басқа жаратылысқа ұқсау туралы ойыма алған емеспін.
Оқиғаның түйінін өзіңіз қорытыңыз, оқырман. Сіз бұл жайттан не түйдіңіз?