“Шешен” сөзі қайдан шыққан?

Бүгінгі таңда қазақ тілінің қолданысқа кеңінен енуіне байланысты қазақтың ауызекі сөйлеу дәстүрін, шешендік өнерін жаңғырту міндеті күн тәртібінде тұр. Осыған орай, ең алдымен«шешен» атауының өзіне айрықша назар аударып,  жаңаша қарап, өзгеше пайымдайтын уақыт та келген сыңайлы. Осы бір ғана сөздің этимологиясына, оның қолданылу тарихына мұқият назар аудару арқылы халқымыздың жүріп өткен жолын, көрші халықтармен қарым-қатынасын, әрбір кезеңдегі рухани, құқықтық деңгейін, абстракциялық ойлау әлеуетін шамалауға мүмкіндік туатыны белгілі болып отыр. Ғасырлар қойнауынан тамыр тартатын осынау көне ұғым – ұлттың өзіне ғана тән ойлау ерекшелігін, халқымыздың терең тарихын білдіретін, мағынасы сан қатпар, аса күрделі фонетикалық, лексикалық қабаттардан тұратын астарлы, киелі сөз екен. 

Қазақ тілінің «Синонимдер сөздігінде» шешен сөзінің синонимі ретінде «шежіре, ділмар, майталман, тілді, тілуар, тақтақ, сөзгер, самар (кітаби), ділуар» деген сөздерді келтіреді (Бизақов С. «Синонимдер сөздігі». – Алматы: «Арыс». 2007 ж. 590 б.). Бұл осы сөздің қазіргі қолданыстағы мағынасына қатысты нұсқалары. Сондай-ақ, бұл синонимдік қатардың ішіндегі кейбір сөздердің («шежіре», «майталман») шешен сөзімен белгілі бір контекст аясында ғана мағыналас болатынын аңғару қиын емес. 

Ал «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» «ШЕШЕН 1.Тілмар, тапқыр. 2.Ресми жиындарда шығып сөйлеуші адам (оратор)» (Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. – Алматы: Дайк-Пресс. 2008 ж. Жалпы редакциясын басқарған Т.Жанұзақов. 915 бет) деген түсініктеме беріліпті. Бұл да басылымның талабына сәйкес ықшамдалған және осы күнгі қолданыстағы мағынасына орай термин ретінде тұрақтаған нұсқа. Мақсаты айқын, өзіндік концепциясы бар аталған іргелі басылымдардан мұнан басқаны талап етудің өзі де артық болар еді. 

Мыңдаған жылдар бойы халқымызбен бірге жасасып келе жатқан шешен сөзінің этимологиялық тамырына үңілгенде, бұл сөздің ұлыстар тарихымен, орал-алтай тобына жататын халықтардың ортақ, одан кейінгі бөліну, жеке қалыптасу, ұлт болып ұйысу кезеңдерімен байланысты екені анықталып отыр. 

Әсілі, «шешен» сөзі орал-алтай тобына жататын тілдердің өзара ыдырамай, тұтас кезінен, тайпалардың бірге тіршілік кешіп, жекеменшік түсінігі әлі қалыптаспаған кезеңнен бері келе жатқан өте көне сөздердің бірі. Бұл атаудың осы тілдердегі алғаш тылсым күштер мен адамдар арасындағы қарым-қатынасты ретке келтіретін «жоралғылық делдалдардың» (ритуальные посредники) қызметіне байланысты пайда болғаны аңғарылады және тым көне замандарға меңзейді. Көптеген ғылыми дереккөздерге сүйенген фольклортанушы Е.Тұрсынов  көне халықтарда тылсым әлем мен қарапайым халықтың арасында осындай ерекше жандардың және жоралғының болғандығын атап өтеді (Турсунов Е.Д. Возникновение баксы, акынов, сэри и жырау – Астана: ИКФ Фолиант, 1999.- 252 с.37 бет). 

Ие, кие саналған тылсым күштерді мың құбылған сиқырлы сазымен, қиюын келістіріп айтқан әсерлі әңгімесімен риза етіп, адамдардың қалауын жоғарғы күштерге жеткізуші ілкі дәуірдегі «жоралғылық делдалдарды» – «шешендер» деп атағаны байқалады. Көне алтайлық аңыздағы Дьяраның дәл осындай қызметті атқаруы және оның «чечен» деп аталуы ойымызды дәлелдей түседі. Сонда бұл сөздің алғашқы мәні – орман, жер, су иелеріне сөзімен әсер етіп, аң аулауда аңшылардың жолын ашатын, сапардың сәтті болуын қамтамасыз ететін жаратылысы бөлек рухани тұлға. 

Алтай мифологиясында Дьяра чеченді жер бетіне Жоғарғы әлемнің иесі Үлкен (Ульген) адамдар мен жануарларды жинап, шектен тыс көбейіп бара жатқандықтан да оларға өмір сүрудің шегін белгілеу үшін арнайы жібереді. Осылайша Дьяра чечен барлық жәндіктерге қанша өмір сүретінін айқындап береді. Балықтарға 800 жыл өмір сүруге рұқсат етеді (Вербицкий В. И. Алтайские инородцы. М., 1893. С. 98). Аңшылықпен айналысатын ортада аңдардың жасын белгілеу функциясы және жоғарғы әлем иелері мен адамдар арасындағы делдалдық қызметтер бір-бірімен ұқсас, тамырлас, яғни, мезгілі жеткен аңдарды адамдардың азық етуіне Аспан әлемінің рұқсатын алу. Бұл тақырып әлі де жете зерттелуі тиіс, десек те, біз үшін «шешен» сөзінің ілкі бастауы маңызды болғандықтан да, оның терминдік атауына көңіл бөлдік. 

Бұл киелі сөздің көнелігіне оның алтай тобындағы тілдермен қатар орал тілдеріне де ортақ атау екендігі дәлел. Соның ішінде фин-угор тілдерінде бұл лексикалық бірліктің осы күйінде сақталып, бүгінгі күнге дейін жетіп отырғанын айтуға болады. Фин-угор тілдерінің еділ саласына жататын қазіргі қолданыстағы марий тілінде «цецен» деп – «қазықтардан, ағаштан жерге қадап жасалған қоршауды» атайды екен, демек аң аулау үдерісімен байланысты. Бір қызығы, осы тілдегі «цецен пичым ыдырен кеаш» деген тұрақты тіркес «жылдам сөйлеу, сартылдатып тым тез тіл қату» (Словарь марийского языка. – Иошкар-Ола, 1990-2005. 820 стр. – С.670) деген мағынаны береді екен. Демек, бұл тілде дербес «цецен» сөзі өзінің бастапқы мағынасынан айрылса да, көнеден жеткен тұрақты тіркесте аңшылық әрекетпен қоса сөйлеу әрекетін білдіретін бастапқы мәнін, семантикалық байланысын сақтап қалған. Ал одан бөлек марий тілінде дербес «чечен» сөзі де бүгінгі күнге дейін қолданылып келеді. Бұл «әдемі, ғажап, көркем, жақсы» (С.684) («чечен кумыл» – «көтеріңкі көңіл күй») деген  мағыналарды білдіреді. Дыбысталуы мен мағынасы жағынан түркі тілінің сібір-алтай тобына жататын тува тіліндегі нұсқамен дәлме-дәл келеді екен. Яғни, бұл сөз де түпкі «елден ерек», «айрықша», «көпке ұқсамайтын» деген алтай тобындағы өзге тілдердегі мағыналармен бірдей. 

Бұл сөздің алтай тобына жататын тілдердің әлі ажырамаған кезінен, тым көне дәуірлерден бері өзгеріссіз келе жатқанына дәлел ретінде тұңғыс-манжұр тілдерінде де чэчэн, сэсэн формаларының сол күйінде сақталғандығын айтуға болады. Эвенк, эвен, нанай, үдегей, орок, үлші сынды шағын халықтардың барлығының да тілінде «чэчэн» сөзі: 1) ақыл, ой; 2) данышпан; 3) ақылды, іскер; 4) жылдам; 5) еңбекқор (Сравнительный словарь тунгусо-маньчжурских языков. – Ленинград, 1975.ІІ т. 471 с. 422с.) деген мағыналарда күні бүгінге дейін қолданылып келеді екен. 

www.dalanews.kz