Бір шешенің бес баласы болыпты. Бес баланың бесеуі бес түрлі, әрқайсысының өзіндік мінезі, көзқарасы бар. Бесеуі де шешелерін қатты жақсы көріпті. Оның үшеуі қыз, екеуі ұл еді. Бес бала өзара өте тату еді, тек бір сұраққа келгенде ғана араздасып, бір-біріне ренжіп қалыпты. Ол: "Шешеміз қайсымызды қаттырақ жақсы көреді?!" деген сұрақ еді. Олар шешелерінің көңілін табу үшін бір-бірінен асып түсуге тырысыпты. Сөйтіп ұлдар ержетіп, қыздар бойжетіпті. Үлкен қызы дәрігер, ортаншы қызы елші, үшінші қызы тігінші болып қызмет ететін жанұяның кенже екі ұлы да осал емес еді. Бір ұл кәсіпкер, екіншісі жазушы болып жұмыс істеді. Міне, олар қаншалықты ересек болса, шешелерінің жанында соншалықты бұзық, ерке еді. Бала кезден бері келе жатқан сұрақты шешелерінен сұрауға батпаған бесеуі ақыры аналары қартайып, балалардың үлкені қырықтан асқанда қара шаңыраққа төрт көздері түгел болып жиналыпты. Содан әңгіме қызып, бұл күнде бетін әжім басқан шешейден былай деп сұрапты:
- Шеше, біз бала күнімізден бір сұраққа жауап таппай келеміз. Сен біздің қайсымызды қаттырақ жақсы көресің? Тек шын жауап берші, біз ренжімейміз.
Сонда қарт ана оң қолын көтеріп бес саусағын көрсетіпті:
- Міне, мына үшеуі – менің үш қызым, деп бас бармақ, балан үйрек, ортан түйректі бүгіпті. – Ал мына екеуі – менің екі ұлым. Осылай деген шешей шылдыр шүмек пен кішкене бөбекті бүгіп көрсетіпті. Қай саусағымды кессе де, қан шығады. Қай саусағым қанаса да, менің жаным мен жүрегім ауырады, - депті аналары.