Оның көлігі ұрланды. Есігінің алдынан. Ол бұлай болады деп мүлде ойлаған жоқ еді. «Достарымның қалжыңы болар» деп ойлап, полиция шақырған жоқ. Бірақ, күні бойы достары болады-ау деген жердің бәрін қарап шықты. Таба алмады. Шаршап келіп ұйықтап қалды. Таңертең тұрып еді қызық жағдайға тап болды. Көлігі өз орнында тұр. Ол айналып әр жеріндегі белгілерін, көлік нөмірін мұқият қарап шықты. Иә, өз көлігі. Ешқандай жері бүлінбеген. Ашып ішін қарап еді, рулде конверт қыстырулы тұр екен. Ашып қарап еді – екі дана кино билеті мен бір парша хат. Қайран қалған ол хатты оқи бастады...
«Құрметті көлік иесі!
Көлігіңізді мен алып кеткенмін. Сіздің қаншалықты ашулы екеніңізді білемін. Сіздің орныңызда мен болсам да солай істер едім. Мені кешіріңіз! Қатты ұяттымын. Сізді бір күн әуреге салған болармын. Бірақ, сіз көлікті неге алып кеткенімнің себебін білсеңіз, бәлкім кешірім жасап қалуыңыз да мүмкін. Кеше түн ішінде әйелімнің толғағы қысты. Оны жедел түрде перезентханаға жеткізу үшін такси тостым. Бірақ, толғақ қысқан әйел мен жалғыз еркекті ешкім де алғысы келмеді. Осылай жарты сағат уақыт өтті. Жолда тіземді бүгіп те жалынып көрдім, шара болмады. Ақыр соңында шыдамай кеттім де үйлер арасынан сіздің көлігіңізді ептеп ашып, айдап кеттім. Қатты қорықтым, бірақ амалым болмады. Егер сіздің басыңызда осындай жағдай болса, не істер едіңіз? Жалпы, сізге көп рахмет. Әйелім жеңілдеп, қуанып жатырмыз. Мынау екі билет ертең тұсаукесері болатын киноның билеттері. Жұбайыңыз екеуіңізге менен сыйлық.
Сізге деген ризалығым шексіз. Сіздерді ертең кинотеатрдың алдында күтемін...
Құрметпен көлік ұрлаушыңыз»
Хатты оқығаннан кейін көлік иесі өзіндегі ашу-ызаның қалай тарап кеткенін білмей қалды. «Мына сөздеріне қарағанда жаман адам емес сияқты» деп ойлады ол ішінен. Адамның басына не күн тумайды дейсің, артық дүниені қузап не істеймін деп ойлаған ол үйіне кіріп әйеліне болғай жайды баяндады. Ертесі ерлі-зайыпты киноға барды, дегенмен уәделескен адамдарын кездестіре қоймады. Кино да бітті. Әлгі адам сонда да көрінген жоқ. Олар мәз-мейрам болысып үйге келді. Есіктен кіре сала болған жайға қарап аңтарылып қалды. Үйдің астан-кестеңі шығып жатыр еді. Ақшаға жарайтын заттың бәрі жоқ. Тек төр үйдің қабырғасында үлкен етіп мына сөздер жазылып тұрды: «Мырза, кино шынымен де тамаша болды, иә?!»
Сурет: zastavki.ru