Бірде рухани жолда жүрген екі шәкірт кездесіп сұхбаттасыпты. Екеуінің ұстаздары бөлек еді. Біріншісі Ұстазын мақтап айта бастады:
– Ол су бетімен батпай жүре алады, аспанда ұша алады, тастан нан жасайды, темірді алтынға айналдыра алады, соғып тұрған желді тоқтатады, шоқ үстімен және шиша сынықтары үстімен тәніне зиян тигізбей жүре алады және одан басқа да көптеген кереметі бар. Ерте ме, кеш пе, осы өнерлерді үйреніп, мен де Ұстазым секілді боламын,-деді.
– Ұстазыңның сол кереметтерінің саған әсері болды ма? Соның арқасында сәл де болса жақсардың ба?
– Білмеймін... Сен одан да өз Ұстазыңның қандай кереметтері бар, соны айтсаңшы,-деді.
– Керемет дейсің бе? Мен ол кісінің сондай заттармен айналысып жүргенін көрмеппін. Сосын басқа адамдарды қуанту үшін Ұстазыма ондай сиқырлардың қажеті жоқ. Ол кісінің тек бір жымиғанының өзі керемет қой, сол арқылы кез келген ортада жылы атмосфера орнатып, көкейге қуаныш сыйлайды. Сосын ол кісі сезім мен мінез толқындарында батпай жүре алады және ойдың желі мен нәпсінің боран-бұрқасындарын тоқтата алады. Оның кеудесіндегі сүйіспеншілік нұры мен даналығы надандықтың қараңғылығын жап-жарық қылып, соның арқасында қаншама адамдардың жан дүниесін құлпыртып, тіпті тас жүрек дегендердің өзін оятып, махаббат өндіретін қылады. Ол кісі отырған жерде айтыс-тартыс тоқтап, өкпе-наз деген жойылып, орнына достық пен ынтымақ орнайды. Ол кісі пәс нәрсені көтеріп биіктетеді, лас нәрселерді тазартады. Тітіркенуді бейбітшілік пен келісімге, өкпе-назды кешірімге, жек көруді сүйіспеншілікке айналдырып жібереді. Ол кісінің үйретіп жатқан ілімі көзге көрінбейді, ол адамның іштей өзгеруіне көмектеседі, сосын бақыт жолын қалай табуды үйретеді.
Уақыты келгенде мен де осы ілімді түсініп, игеріп, сондай биік деңгейге көтерілемін ба деген үмітім бар. Бұл ілім мені бір атақты адамға немесе бай-бағланға айналдыра алмайды. Ол ілім мені даңқ биіктігіне көтермейтіні хақ, бірақ сол ілімнің арқасында мен өмірден өз орнымды және бақыт жолын табамын деп үміттенемін.