- Негізгі бет
- Тәмсіл
- Сенім...
Сенім
Көк шалғынды беткейде бір үйір жылқы жусап жатыр. Құйрығын оңды-солды сілтеп, шыбындап тұрған шегір көз құла байтал қарсы беткейде жалғыз жайылып жүрген кертөбел атқа әлсін-әлсін қарап тұрды да, осқыра аяңдап, жирен айғырдың қасына келді.
– Анау беткейде жападан-жалғыз жайылып жүрген кертөбелді көрдің бе?
– Көрдім, - деді жирен айғыр елеусіз ғана солай көз тастап.
– Оны танып тұрсың ба? – деді құла байтал жирен айғырға жақындап.
– Сырттай көргенім болмаса, жыға танымай тұрмын.
– Танымасаң онда, ол сендердің ата-бабаларыңмен иық қағыстырып, бәйге біткеннің алдын бермей келген Құлагердің соңғы тұқымдарының бірі екен. Кеше дабыралы бәйгеге қатысып, біріншілікті алып келіпті! – деді құла байтал кертөбел атқа тамсана қарап. Басын жерден оқыс жұлып алған жирен айғыр:
– Не дейсің? Мен мүлде сенбеймін, ол ана арса-арса түрімен қайтып бәйгеге шапсын?! – деп осқырып-осқырып жіберді де торбайталға қарай аяңдады, манадан осыны күтіп тұрған торбайтал басын шұлғып-шұлғып, жирен айғырмен қасынысуға ыңғайланды да:
– Мен тіпті де сенбеймін, ол сорлы ана тыртиған түрімен бәйге алғанша биылғы қыстан аман шығып алсын! Сен Жікемнің (жирен айғырдың) көзінше оны қай бетіңмен мақтап тұрсың? – деп құла байталға тыжырына қарады.
Бұларға бағанадан бері құлақ түріп тұрған кәртең жиренқасқа бие жирен айғырдың қасындағы екі байталдың қылықтарына жирене қарап:
– Пай-пай, неткен жылқы едіңдер! Бадырайып тұрған шындықты көрмеген көздеріңді шел басқан екен! Кертөбел аттың көп жылдардан бері бәйгенің алдын бермей келе жатқаны жалпақ жұртқа мәлім. Кеше ғана оның бас бәйгені алғанын мен де естідім, - деп кертөбел атқа мейірлене қарады.
Жирен айғыр мен торбайтал қасынысып тұр, құла байтал құйрығын оңды-солды ұрып еңістеп барады...
Дайындаған: Сұңқар Ақбоз
Сурет: nipic.com
M. Auelkhan