Бұл тәмсілдің өмірлік мәні бар. Әулие кісі бұл сөзді тек сол кедейге ғана айтқан жоқ, бәрімізге айтты. Осы айтылған бес амал барлығымыздың қолымыздан келеді, бірақ соларды жасамай жүрміз. Шындығында, соларды істеу біз үшін түкке тұрмайды.
Бір пақыр ауылындағы киелі кісіге келіп: "Мен неге кедеймін?"– деп сұрады. Ғұлама кісі оған қарап:
– Себебі сен ақжүрек, кеңпейіл емессің,– деп жауап берді. Кедей ондай жомарт болуым үшін өте бай болуым керек деген оймен:
– Мен ондай атымтай жомарт болуым үшін қолымда көп дүние болуы керек емес пе, ал менің қолымда басқаларға үлестіріп тарататын ештеңе жоқ,– деді. Киелі кісі:
– Өзің айтқандай жомарт болу үшін сенің қолыңда бес түрлі нәрсе бар, бірақ сен сол мәрттікті пайдаланбай жүрсің,– деді. Кедей байғұстың көзі бақырайып:
– Айтыңызшы, ол қандай бес нәрсе? – деп сұрады. Әулие:
– Сен өзіңнің нұрлы жүзіңмен, оң қас-қабағыңмен қоршаған жұртқа әдемі күлкі сыйлай алар едің, бірақ соны істемей жүрсің. Әдемі көздеріңмен басқа адамдарға сүйіспеншілік пен қамқорлықты көрсетер едің, бірақ оны да жасамай жүрсің. Жаратушымыздың саған берген әдемі аузымен басқалар үшін құнды әңгімелер айта алар едің, бірақ оны да істемей жүрсің. Сен өз жүрегіңмен басқаларға бақыт тілей алар едің, оны амал қылып жүрген жоқсың. Жалпы алғанда сен өз тәніңмен басқа адамдарға көп жақсылық жасай алар едің, бірақ оны да істемей жүрсің,– деген екен.