- Негізгі бет
- Тәмсіл
- Руми: Нағыз адам...
Руми: Нағыз адам – басқаларға пайдасы тиген адам
Фото:
peopletalk.ru
Ұлы парсы ақыны және философы, сопы Жалаладдин Руми 1207 жылы қазiргi Ауғанстанның солтүстiгiндегi Балх қаласында дүниеге келдi. Ж.Румидiң баға жетпес рухани үлесiн жете таныған ЮНЕСКО ұлы ақынның 800 жылдығына орай 2007 жылды Халықаралық Руми жылы деп жариялады.
Ол 40 жасқа дейін медреседе сабақ берген, әл-ауқатты, елге сыйлы, басына сәлде ораған бейқам адам еді. Бала кезінде суфий ақын көріпкел Фаридуддин Аттардан бата алған, жыр кітабын қоса алған Джалаледдинді Тебризден келген жұмбақ дәруіш үйіріп, ертіп әкетті. Шамседдин Тебризи, «сенім күні» деген лақап атты жан оған үш жыл бойы өз ілімін дарытты. Дәруіш дегдар санасында шамға ұшқан көбелек тәрізді. Ыдырыс Шах: «Ол күрт өзгеріп, мистикалық ілімін уағыздай бастағанда өзіне бүркеншік ат ретінде Руми деген сөзді таңдап алды, себебі бұл әріптердің сандық баламасы 256-ға тең, НҰР түбіріне сәйкес келеді. Парсыша және арабша бұл түбір «жарық» (нұр) мағынасын береді»,– деп жазады «Суфизм» атты кітабында.
Румидiң көп томдық “Мәуснауи поэзиялық еңбегi – ұлы шығарма. Оның “Диуаны Кебир”, “Фиһи мәфиһ”, “Межалиси Себа” және “Мектубат” еңбектерiндегi одалары мен рубаяттары, қарасөздерi, монологтары, шағын әңгiмелерi, нақыл сөздерi, дүниетанымдық толғаныс-тебiренiстерi – әлеуметтiк философиялық мәнi терең, iзгiлiкке, сұлулық пен ақиқатқа толы дүниелер.
Жалаладдин Руми шығармаларын, негiзiнен, парсы тiлiнде жазған. Мүмкiн, осыдан да болар, ирандықтар да, өзге халықтар да Жалаладдин Румидi парсылық деп есептейдi. Ал шын мәнiнде Жалаладдин Руми анасы жағынан да, әкесi жағынан да тектiлiктерiмен аттары аңызға айналған ақсүйек түрiк отбасына жатады.
Жалаладдин Румидiң “Мәснауи” атты шығармасы тек Шығыс халықтарының ғана емес, сонымен қатар бүкiл дүние жүзi халықтарының дүниетанымына, рухани дүниелерiне (философия, этика, әдебиет, поэзия) орасан зор ықпал етiп, адамзат баласының мәдени тұрғыдан өсiп, өркендеу үрдiсiнде өшпес iз қалдырған туынды. Румидiң досы әрi хатшысы Хусамиддин Челеби оның мықты еңбектер жазуға өте қабiлеттi екенiн дәлелдеп бередi. Өз еркiмен Ж.Румидiң айтқанын сөзбе-сөз қағазға түсiрiп отыратынын айтады.
Сол кезде Маулана басына ораған сәлдесiнен он сегiз бәйiт жазылған өлең жолдарын Хусамеддинге ұсынады. Мiне, “Мәснауи” осылайша дүниеге келедi. Ақын өмiр, тiршiлiк, қарым-қатынас, достық, адалдық, әдiлеттiлiк, махаббат сезiмi туралы жырлайды. Өмiр, өлiм, дүниенi жаратушы құдiреттi күш, әлем мен адам арасындағы байланыс, адамға жақсылық жасау туралы толғайды.
Адамдарды әдiлеттi болуға, жақсылық жасауға шақырады. Ж.Руми “Мәснауи” шумақтарын бiр жаққа жолаушылап кетiп бара жатқанда да, тiптi моншада әңгiме-дүкен құрып отырғанда да жазған. Ал Хусамиддин оларды қағаз бетiне түсiрiп отырған. Рас, “Мәснауидың” үзiлiп қалған кездерi де болған. Хусамиддин Челебидiң әйелi қайтыс болғанда екi жылдай қағаз бетiне түсiрiлген жоқ. Тек 1264 жылдан бастап қайта жазыла бастайды. “Мәснауидың” әр хикаясының белгiлi бiр аятты немесе белгiлi бiр хадистi түсiндiру үшiн баяндалғанын байқауға болады.
Ж.Руми: “Мен сiздерге iштей және ашық түрде тамақты аз жеудi, аз ұйықтауды, аз сөйлеудi, күнәларыңнан арылуды, әрдайым нәпсiқұмарлықтан қашық жүрудi, қиыншылық пен азапқа шыдауды, надандардан аулақ, ал әдептi және оқыған адамдармен дос болуды өсиет етемiн. Өйткенi нағыз адам – басқаларға пайдасы тиген адам. Сөздiң жақсысы қысқа әрi мәндi болады”,– дейдi. Сонымен бiрге ұлы философ: “Егер сен дұшпаныңды қадiрлегiң келсе, сонымен қатао дұшпаныңның да сенi жақсы көруiн тiлесең, қырық күн оның жақсылығын айт. Ол дұшпаның саған дос болады: өйткенi қөңiлден тiлге жол болғаны сияқты, тiлден де көңiлге жол болады. Тандыр қаншалықты ыстық болса, соншалықты нан дәмдi пiсiрiледi. Суық болса нан пiспейдi” дейдi. Ж.Румидiң тәмсiлдерi әлi күнге дейiн мәнiн жойған жоқ.
Ж.Руми 1273 жылы Кония қаласында дүниеден өттi. Хазiреттi жерлеу, оған жаназа шығару кезiнде Кония жұрты түгел егiледi. Ертемен Ж.Румидi жерлеуге шыққан жаназашылар тобы кешке жақын ғана мазаратқа жетедi. Кесенесi өз өсиетi бойынша биiк жерге соғылады. Ж.Румидiң кесенесi қасиеттi орынға айналғаны сонша, қажылыққа баратындар Арабияға кетпестен бұрын Конияға келiп, осы кесенеге келiп мiндеттi түрде зиярат етедi.