- Негізгі бет
- Тәмсіл
- Райхан гүлі туралы...
Райхан гүлі туралы аңыз
Оғыздың ханы Қарабура әулиенің қызына үйленеді. Есімі Бегім екен. Өте ажарлы болғасын, жұрт оны «Бегім сұлу» деп атапты. Бірде хан аңға шыққанда бүркітінің томағасын ұмытып кетеді. Атқосшыны томағаға жұмсайды. Ол Бегім сұлуды көріп, ақыл-есінен айрылады. Ертесіне есін әрең жинап, қайтып келеді. Патша қаһарланып:
– Неге кешіктің, – деп дүрсе қоя берді. Ол қорыққаннан:
– Ханым білегімнен ұстап жібермей қойды, – деп өтірік айтады. Хан ашуланып, үйіне келеді. Сөзге келместен, әйелінің бұрымын, оң қолын кесіп, зынданға тастайды.
Қызының ауыр хәлін Қарабура әулие түсінде көреді. Ханға келіп:
– Қызым адал жарың еді ғой. Не жазды? – деді.
– Көзіме шөп салды. Абыройыма дақ салды.
– Менен туғаны рас болса, олай істемейді. Көрсет қызымды, сөйлесейін.
– Жоқ. Жоғал қараңды көрсетпей, – деді хан. Нөкерлеріне:
– Мынаны сүйреп шығарыңдар – деді. Қарабура әулие:
– Қызым кінәсіз болса, бүгін түнде қолы мен бұрымы қалпына келсін. Жазықсыз жапа бергенің үшін қалаңды жылан бассын, – деп дұға жасайды.
Түнде Бегім сұлудың қолы мен бұрымы Құдайдың құдіретімен қалпына келді. Хан оның кінәсіз екеніне көзі жетіп, кешірім сұрайды. Бірақ көңілінде дық қалған әйелі көгершінге айналып ұшып кетеді.
Сол уақытта бір жалғызілікті кейуана өмір сүріпті. Кемпір бір күні тезек теріп жүріп, іннің алдынан бір алтын ділда тауып алады. Ертеңіне тағы да әлгі іннің маңына келсе, бір ділда жатыр екен. Осылайша, кемпір күнде алтын ділда алып кетуді әдетке айналдырады. Жағдайы оңалып, малы көбейе бастайды. Оны байқаған жұрт кемпірді әңгіме қылады. Бұл әңгіме ханға жетеді. Хан кемпірді алдырып, қорқытып отырып шындығын айтқызады.
Хан істің ақ-қарасына көз жеткізу үшін інді аңдытады. Бір жылан сол іннің аузына күнде бір алтын ділда шығарып тастайды екен. Ханның нөкерлері ақылдасып, інді қазбақшы болады. Інді қазса, жер астынан алтынға толы бірнеше сандық шығады. Ханның адамдары елге мол қазынамен оралады. Шаһарға келіп кіре бергенде, әлгі сандықтар ордалы жыланға айналып, жерге түсе бастайды.
Баяғы Қарабура әулиенің қарғысы есіне түскен халық дүрлігеді. Қаптаған жылан қара халықты шаға бастайды. Ел-жұрт үйінен безіп, қаласы қаңырап бос қалады.
Бегім сұлудың қолы мен бұрымы көмілген жерден райхан гүлі өсіп шығады. Халық сол жерді қастерлеп, биік мұнара тұрғызады. Мұнараның төбесінде әлі күнге дейін көгершін отыр екен. Айналасында райхан гүлдер жайқалып тұр деседі.
Ж. Жұмағұлов