Көшеде екі дос кездесіп қалады. Бірінің жүзі бақыттан бал-бұл жайнап тұр екен. Екіншісі мұның сырын сұрайды. Жақында піл сатып алдым, дейді оған. Оған несіне сонша мәз боласың? Қалай қуанбайын? Әсіресе, балаларым есі шығып қуанып жүр. Оларды арқасына мінгізіп алып ойнатады, мектебіне апарып салады, екінші қабатқа дейін көтереді. Іштерін пыстырмай, бірге ойнайды. Тек сабақтарын ғана орындап бере алмайды. Ыдысты да өзі жуады, үй іші жылан жалағандай таза тұрады. Келіншегім де мәз-мейрам. Тіпті үйді де күзетеді, пілді көргенде кім жоласын, барлығы алыстан қашады. Жұмыста тек шаруаларыммен айналысамын, үйге мүлде алаңдамаймын. Пілді сатып алғалы ісім де алға басып келеді. Соңғы екі айда алдыңғы жылға қарағанда екі есе көп табыс таптым, дейді. Досы ойланып қалады да: Сен оны маған сатшы, деп өтінеді. Сатқану несі?! Қазір менің барым да, нарым да осы пілім. Сата алмаймын. Досы жалынып, жалпайып, ақыры қомақты қаржыға сатуға көндіреді. Арада бір ай өткенде екі дос тағы кездеседі. Пілді сатып алғаны жадап-жүдеп, екі көзі шүңірейіп, құр сүлдері қалған екен. Екіншісі одан: Не болды? деп сұрайды. Піліңді қарғыс атсын. Бүкіл үйді қиратты, бау-бақшаның тас-талқанын шығарды. Балалар да оны көрсе зәре-құты қалмайды. Түнімен ұйықтау мүмкін емес. Көршілер үнемі шағым айтады. Әйелім де кетіп қалды. Жұмыс істеу мүмкін емес, ақшаның да түбі көрінді. Бір жағын енді жалғасам, қарғыс атқыр піл бұзып тастайды. Оны тыңдап тұрған досы былай дейді: Жоқ, досым. Сен мұндай көңіл-күймен оны енді ешкімге сата алмайсың.