Ертеде екі дос өмірлік жарын іздеп сапарға шығады. Елді, жерді ұзақ шарлап, әйтеуір бір ескі қалаға жетеді. Ол жерде екі қызы бар бай кісі тұрады екен. Олардың үлкені – сұлу, кішісі – былайша жаман емес еді.
Екі достың бірі былай деді:
– Болды, мен махаббатымды таптым. Осы жерден сапарымды аяқтап, көпестің қызына үйленемін.
– Дұрыс айтасың, байдың үлкен қызы ақылына көркі сай екен. Өте дұрыс шешім шығардың, үйлен.
– Достым, мені дұрыс түсінбедің ғой деймін. Мен кіші қызын аламын.
– Ақылыңнан адастың ба? Ол деген кәдімгі... қарапайым қыз ғой.
– Менің шешімім – осы.
Сонымен екі достың бірі келген жеріне қайтады, екіншісі сапарын жалғастырады. Ал әлгі байдың қаласында мынадай дәстүр бар еді: қалыңдықты алатын күйеу жігіт оның ата-анасына гауһар тас беруі қажет. Жақсы қалыңдық алу үшін жеті ірі алмаз «төлеуі» тиіс.
Жігіт жеті гауһар тасын алып, байдың алдына келеді.
– Көпес, мен сіздің қызыңызды жар етіп алғым келеді. Жеті үлкен бағалы тасым да дайын.
– Талғамың жақсы екен. Менің үлкен қызым әрі сұлу, әрі ақылды. Ол үшін әлемнің бар асыл тасын жинап келсең де көптік етпейді. Келісімімді бердім, – дейді.
– Сіз дұрыс түсінбедіңіз. Мен сіздің кіші қызыңызға құда түсіп келдім.
– Қалжыңдап тұрсың ба? Ол деген қарапайым көп қыздың бірі ғой. Сен ойлағандай керемет қыз емес.
– Мен дәл осы қызды таңдаймын.
– Жарайды. Бірақ мен әділ көпес ретінде жеті гауһар тасты ала алмаймын. Кіші қызым оған лайық емес. Үш гауһар тас берсең де жетеді. Одан көп алмаймын.
– Жоқ, мен жеті гауһар беремін деп шештім.
Осылай жігіт байдың кіші қызына үйленеді. Арада бірнеше жыл өткенде бұрынғы досы іздеп келеді. Жігіттің үйіне келіп, есігін қақса, хор қызындай сұлу келіншек күтіп алады.
Досын іздеп жүргенін айтады да, келіншек нұсқаған жаққа қарай таңырқай басып келе жатады. Зәулім сарайдың төрінде досы отыр екен, жанында улап-шулап бақытты бала-шаға жүгіріп жүр.
– Жағдайың қалай, досым?
– Мен шексіз бақыттымын, – дейді де әлгі сұлу әйелді шақырып: – Міне, менің келіншегім.
– Мәссаған, танымай қалдым. Қатты өзгеріп кетіпті. Бұл қалай болғаны? Дейді де, енді келіншектің өзіне бұрылып:
– Әдепсіз сұрақ қойсам кешір, әрине. Бірақ сен бұрын кәдімгі қарапайым қыз едің. Мұнша ажарланып кетуіңнің сыры неде? – дейді.
– Оның ешқандай құпиясы жоқ. Тек мен өзімнің жеті гауһар тасқа лайық екенімді түсіндім, – дейді.
Ішіңіз қандай болса, айналаңыз да сізге солай қарайды. Өзіңізді бағалаңыз, күтім жасаңыз. Сонда өзгелер де сізге дәл осындай көзқарас танытады. Біреу сізді ренжітсе, қадіріңізді білмесе, ішіңізге үңіліп көріңіз. Өзіңізге көзқарасыңыз қандай? Сіздің қызығушылығыңыз, арман-мақсатыңыз басқалар үшін оныншы орында болса, өзіңізден сұрап көріңіз. Сіз үшін өзіңіз нешінші орындасыз?