Досы көпті жау алмайды деген халық даналығы бар. Досты таңдауға болады, ал, туысты таңдай алмайсың. Айналасындағы достарына қарап адамды таны деген екен. Демек, досты таңдай білу, достасу да сенің болашақтағы жүрер жолдағы маңызды қадамдарыңды белгілеп береді. Осы орайда Мырзагелді Кемелдің Абзалдық әліппесі кітабынан досқа қатысты бірнеше тәмсілді назарларыңызға ұсынамыз. Тегі түрік Анахарсистің анасы грек қызы болған: Өз тілімен қатар грек тілін жете меңгерген ол елінен терезесі тең адам таппай Грекияға, Солон атты философты іздеп барып: Мен саған дос болайын деп келдім,-дейді. Досты өз елінен іздер болар,- депті бөтенді қабылдағысы келмеген Солон. Сәл тосылып: Сен өз еліңдесің, өз сөзіңе өзің жауап беріп тұрсың, бұл менімен достасқың келгені болар,- деген Анахарсис. Келушінің тегін адам емес екенін сезген Солон Анахарсисті жылы қабылдапты, соңы өмір бойғы достыққа ұласыпты, екеуі де сол замандағы жеті ақылманның тізіміне еніп, тарихта қалған. Тым болмаса бір нағыз досы жоқ адам өмір сүрмей-ақ қойса болады,- дейді Демокрит. Мінсіз дос іздеген адам доссыз қалады. Жұрттың бәріне бірдей дос боламын дегендер ешкімге де дос бола алмайды,- деген Аристотель. Өз достарыңды бағалай біл, бірақ әкеңнің достарын құрметте,-депті Омар Хайям. Оның мәнісі: ол әбден сыналған достық дегені. Дос - жаманшылықта, батыр - шайқаста, адал - қарызын қайтаруда, әйел - кедейлікте, туған-туыс - кемдік тарлықта танылады - дейді үнді нақылы. Адамдардың өзара жақындасып, үйлесіп кетуі бір-бірінің пікір-көзқарастарына деген құрметтен, жолдастық жолымен басталады. Базбіреу жолдастық дегенді достық деп ұғады. Жолдастықтың достыққа ұласатыны бар, бірақ бәрі бірдей достық дәрежесіне жетпейді. Бір біріне әбден үйренісіп, сіңісіп, бірінсіз-бірі өмір сүре алмайтындай боп кеткен ерлі-зайыптылар мен туыстар да кездеседі. Жолдастықтан да, махаббаттан да, туыстықтан да туындайтын бұл сезім - достық сезімі, ол бәрінен биік, шынайы. Бірақ өте сирек. Кейде достық деп жүргеніміздің көбінің есепке құрылғанын көреміз. Кей досыңның есептеп жүргенінен шықпай қалған күні теріс айналады, соның өзі жақсы. Өз тарапыңнан адал болсаң, пейілің түзу болса, мойыма. Қанша әдемілегенмен шындық сондай. Досыңның кемшілігіне төзе берсең өзіңе жұғады. Ат пен есектің ақыры бір болса, мінездес болады,- дейді Мәшhүр Жүсіп. Достарыңның арасындағы келіспеушілікке шешім айтқаннан жауларыңның келіспеушілігіне ара түскенің жақсы, өйткені екі досыңның арасына билік айтcаң, бірінен айрыласың, ал екі жауыңа төрелік айтсаң, біреуімен достасасың,-депті жеті ақылманның бірі Биант. Бүгінгі достарыңа ертеңгі дұшпаныңа қарағандай қара, өйткені ертең сондай болып қалуы мүмкін, - депті Б.Грасиан. Осыған орай лак елінің мынадай аңызы есіме түседі: Түлкі жыланмен дос болыпты. Бір күні олар өзеннің арғы бетіне өткісі келіпті. Мен жүзе білмеймін, мені мойныңа орап өт,- депті жылан. Өзеннің ортасына келгенде жылан түлкінің мойнынан қыса бастапты. Қой деп қойдыра алмаған түлкі қулыққа көшіпті: Біздер жақсы дос едік, су түбіне кетерде бет-жүзіңе бір рет қарайыншы-депті. Жылан түлкінің қарсы алдына басын тіктеп қарай қалғанда, түлкі жыланның басын қыршып үзіп тастапты. Өзеннің арғы бетіне өткен соң жыланның жансыз денесін жолға ұзынынан жатқызып жатып түлкі:Адал дос осылайша түзу болуы керек, - депті. Достың жалған бола беруі мүмкін, бірақ дұшпанның жалған болуы мүмкін емес. Достық қолын созғандардың көбісі келеді де кетеді, ал дұшпандар топтала, көбейе береді. Марзбан намада: Дұшпандарыңның көптігінен қорықпа, олардың бірігіп кетуінен қорық,- депті. Егер жау табам десең, өз достарыңнан асып кетуге тырыс, дос іздесең, достарыңа өзіңнен асып түсуге жағдай жаса,- деген Ларошфуко. Мұның ақиқат болатын себебі не? Егер достарымыз өзімізден асып түссе, бұл оларға салиқалы ретінде сезінуге мүмкіндік береді, ал егер сен олардан асып түссең, бұл оларды кемсітеді, көре алмаушылық және қызғаныш сезімдерін туғызады. Сондықтан, сенің достарыңның барлығы болмаса да, кейбірі табысыңа қарағанда, сәтсіздіктеріңнен көп қанағат алары рас. Қарға қарғаның көзін шұқымайды,- деген бір мақал бар. Әкем айтқан еді: соғыс кезінде өлген адамдардың қарға алдымен көзін шоқып жегенін көрдім деп. Сөйткен қарға өз қарғасының көзін шоқымаса, адамдардың осы қасаң мінезден де үйренерлік бір нәрсесі бар екен-ау деп ойладым. Жауыңды жеңе алмасаң, онымен одақтас. Жауыңды жеңу үшін оны әлсізірек етуге тырысудан гөрі, одан күштірек болуға тырыс. Ақтабан-шұбырынды кейбір тарихшылар айтатындай тұтқиыл шабуылдың нәтижесінде болған төтенше бақытсыздық емес, жоңғарлардың жеңісі мылтық атуды үйреніп, оны өздерінде жасап шығарып, қаруланғанның нәтижесі. Дұшпандасқан кісіңе жақсылық жасау арқылы да өш алуға болады. Дұшпандарың сенің көлеңкең. Билігіңнің көптігін көлеңкеңнің ұзындығымен өлшей бер,- деген Акбар деген билікшінің сөзі бар. Жауларым жоқ дегенің жетістіктерім жоқ дегенің. Өзіне өзі дос адам, жұрттың бәрімен дос бола алады,- деген Сенеканың сөзін Н.Рерих жиі мысалға келтіреді екен.