- Негізгі бет
- Тәмсіл
- "Өзіңді сөгу өзгені...
"Өзіңді сөгу өзгені сөгуден қиынырақ екен"
«Кішкентай ханзада» шығармасы – тұнған пәлсапа. Көпшілік атауын оқып кішкентай ханзаданың басынан кешкендері сөз етілетін болар, балаларға арналған ертегі деп ойласа керек. Шындығында, бұл шығармада әлемнің барлық тұрғынына қатысты ойлар айтылады.
Француз жазушы Антуан де Сент-Экзюперидің үлкендерге арналған балалар ертегісі 1943 жылы жарық көрген. 70 жылда әлем тұрғындары алтын шашты баланы танып, нақылға толы шығармамен сусындап келді. Шығарма 180 тілге аударылған, оқиға желісі бойынша фильм де түсірілген, әуен де жазылған. Бүгін сіздердің назарларыңызға шығармадан алынған дана ойларды ұсынбақпыз. Астарлы нақылды бірге шешейік.
«Әркімнің өсірген раушан гүлі өзіне ыстық, себебі бар уақытын соған арнайды».
Жер – ғажап ғаламшар. Адамдар Жерде айтарлықтай көп емес. 7 миллиард. Тіпті, одан көп болуы да мүмкін. Бірақ, әркімнің ең жақыным деген санаулы адамдары болады. Уайым-қайғы, қуаныш-шаттық деген секілді сәттерді бірге бөліскен адам – Антуан де Сент-Экзюпери айтқан раушан гүлі. Дегенмен, біз адамды емес, онымен өткізген уақытты сағынамыз. Жақын адамыңыз жаныңызда отырса да, «Ех, сол күндер-ай» деп, онымен өткізген шақты еске аламыз.
«Өз-өзіңе жаза тағайында, – дейді патша. – Бұл ең қиыны ғой. Өзіңді сөгу өзгені сөгуден қиынырақ екен. Егер өз-өзіңе жаза сайласаң, ақылдылығыңның белгісі».
Адамдар бір-біріне үкім шығарғанды жақсы көреді. Қазір қарым-қатынас айнасы болған әлеуметтік желіде қит етсе, адамдар бір-бірін сөге жөнеледі. Танымал тұлғалардың өміріне араласып, оларға дұрыс өмір сүру қағидасын үйреткісі келеді. Мінді өзгеден емес, өзіңізден іздеңіз.
«Көз екеу болғанымен көпті көре бермейді. Ал жүрек біреу болса да, бәрін көреді».
«Жүрегіңді тыңда». Көптеген фильмдерден, тіпті достарыңнан жиі еститін даналықтың бірі. Әлемдегі «Мен сені сүйемін» деген сөйлемнен кейін жиі айтылатын сөздердің бірі. Бірақ біз дұрыс қабылдай алмайды екенбіз. Көзбен көріп, шешім шығару – асығыстықтың белгісі. Ал жүрекке салып ойлану – бір басқа.
«Жақындарыңыз үшін жауап бересіз»
Бір минутқа, тіпті бір секундқа жақындарыңызды естен шығаруға рұқсат жоқ. Кеше айтқан жас ғаламына еніп кетпеуіне жауап береміз. Олардың амандығын тілеп, үнемі қамқор болуыңыз керек.
Г. Берік