Күндердің бір күнінде бір жас жігіт сол замандағы білімпаз ұстазға келіп:
"Сізді іздеп жүрмеген жерім, баспаған тауым жоқ. Жалғанда жер басып жүру маған лайық емес сияқты. Өз-өзімді қолынан іс келмейтін сондай бейшара сезінемін. Айналамдағы адамдар да менің бейшара, сормаңдай екенімді бетіме басып, көре қалса, саусағымен көрсетіп, жығылғанымның үстіне жұдырықтап, мазақтай жөнеледі. Сізден көмек сұрай келдім. Өтінемін, маған көмектесіңізші",- депті.
Ұстаз жігіттің үсті-басына бір көз жүгіртті де, асығыстау:
— Айыпқа бұйырма, жігітім, дәл қазір қолым бос емес, қыруар шаруам бар. Көмектескім-ақ келіп тұр, тек мына шаруаның басын қайырмасам, болмайды,- деп кішкене ойланып тұрып, былай деді:
— Бірақ, егер де сен осы шаруаны тындыруға қол ұшыңды созсаң, онда саған қуана-қуана көмектесер едім.
— Әрине, ұстаз, әрине, о не дегеніңіз?
— Жақсы, - деп ұстаз шынашағынан (кішкентай саусағы) асыл тасты сақинаны шығарып:
— Анау тұрған атқа мін де, тура базарға қарай шап. Бір адамға берешегім бар, мына сақинаны тез арада сатуым керек. Бұл асыл тастан жасалған сақина, сондықтан да барынша қымбатқа сатуға тырыс. Бір алтын динардан аз ақшаға келіспе. Ал енді тұрма, шаба түс және ертерек кел,- деді.
Қалшылдаған жас жігіт сақинаны ала сала шаңдата шаба жөнелді. Базарға келе сала сатушыларға сақинаны көрсетіп, сатқысы келетінін айтты. Сатушылар кезек-кезек сақинаны көріп қаншаға сатқысы келетінін сұрады. Ол бір алтын динардан кем бағаға бермейтінін айтқанда бәрі шетінен қол сілтеп кете барды. Кейбіреулері бетіне қарап күліп, біреулері ештеңе айтпастан бұрылып жолына түсіп жөнеле берді. Жігіт аң-таң болып тұрғанда бір мейірімді қарт кісі келіп: "Сатар сақинаңа сен өте үлкен баға сұрап тұрсың. Базардағы бұның бағасы бір мыс тиын, ары кетсе, күміс дихрам. Бірақ алтын динарға ешкім алмайды", - деді.
Мұны естіген жігіттің ұнжырғасы түсіп кетті. Ол ұстазға көмектесу үшін сақинаны бүкіл базардағы адамдарға көрсетіп шықты. Бағасын білгенде бәрі күле қарап, мазақтады. Сақинаны алтын динардан аз ақшаға берме деп айтқан да сол ұстазы еді ғой. Осы нәрселерді ой елегінен өткізді де, атына қарғып мініп, кері қарай шаба жөнелді. Өзін одан бетер ақымақ сезініп ұстазға келді де:
— Ұстаз, мен сіздің айтқан тапсырмаңызды орындай алмадым, - деп төмен қарап сөзін жалғады, — Бірақ, бір динардан аз ақшаға сатпа деген өзіңіз ғой, ал бұны ондай бағаға ешкім алмайды. Күміс ақшаға ғана сатуға болады екен, – деді.
— Балам, жаңа ғана сен маңызды ой қозғадың, маған керегі де сол еді. Сақинаны сатпас бұрын оның шынайы бағасын біліп алуың керек еді. Ал оны зергерден асып кім айта алады? Олай болса, енді сен бұл сақинаның бағасын зергерден барып сұра. Бірақ, есіңде болсын, қанша ақша берсе де, сақинаны сатпай қайтып алып кел, – дейді ұстаз.
Үнсіз тыңдап тұрған жігіт атына міне салып зергерге жол тартты.
Зергер бұл сақинаға ұзақ қарады. Алғашында ұлғайтқыш әйнекпен қарап, кейін таразыға салып салмағын өлшеді. Басын шайқап:
— Ұстазға айта бар, мен бұл сақинаға 58 алтын динардан артық ақша бере алмаймын. Ал егер аздаған уақыт берсе, 70 алтын динарға толтырып берейін. Негізі, бұл сақинаның бағасы одан да қымбат, мен тек сіздерге ақша шұғыл керек болған соң осылай айтып тұрмын,- деді зергер.
— Жетпіс алтын динар?! – жас жігіт қуаныштан күліп жіберді. Тіпті, зергерді құшақтап алды. Артынша рахмет айтып, желмен жарыса ұзтаздың үйіне қарай тоқтамастан шапты.
Есіктен кіре сала болған жайттың бәрін сондай қуанышпен баяндады.
Миығынан күле қарап тыңдап тұрған ұстаз:
— Кел, отыр мұнда, - деп жанына шақырды да: - Есіңде болсын, балам, сен де мына асыл сақина сияқтысың. Бағасын білсең, қайталанбас жалғызсың, қол жетпес құндысың. Ал сенің нақ бағаңды беретін — сенің шынайы зергерің. Онда, сен неге қара базардың ішін аралап, өзіңе баға берген зергерсымақтырдың сөзіне құлақ асып жүрсің? – деп сөзін аяқтапты...
Оқи отырыңыз:
1. Мейірімділік туралы өсиет әңгіме
2. Жақсылық пен жамандық туралы өсиет әңгіме
3. Бүркіт пен қоян туралы ғибрат әңгіме
4. "Теңізге ұзақ қарасаң, адамдарды сағынасың"
Сурет: vietcv.net