Ошо атымен танымал Үндістанның рухани көшбасшысы Бхагван Шри Раджни́ш адамдарды ізгілікке шақыруды парыз санайды. Оның өнегелі ойларымен таныс болыңыздар.
Адамдар барлық жағдайды қара аспан төнгендей қабылдайды. Көбірек күліп, көбірек қуанып үлгеріңіз. Мен үшін күлкі де шүкірлік секілді қасиетті.
Кез келген әрекеттің соңы күтпеген жағдайға тап келтіруі мүмкін. Мұқият болып, барлығын назарда ұстаңыз. Кемелденген адам – өзін өз тауып, жақсы-жаманды, дұрыс-бұрысты ажырата білген жан. Бір істі дұрыс жасамағаныңызбен, одан көп пайда көруіңіз ғажап емес.
Біз бәріміз бірегей тұлғамыз. Ақиқатында, мынау дұрыс, мынау қате деп ешкім дөп басып көрсете алмайды. Өмір – күн сайын өзгеріп тұратын ұғымдарды анықтау жолында түрлі тәжірибеге бару.
Қыдыр келіп, есігіңізді қағатын сәт тууы мүмкін. Бұл әртүрлі әдіспен – ер арқылы, әйел, бала, гүл, махаббат, кешқұрым, рауан арқылы жүзеге асуы мүмкін. Оны байқау үшін, ғажайыптарға ашық болыңыз.
Ерекше болуға ұмтылу – ең қарапайым қалау. Ал өзіңмен өзің қарапайым болу – міне, нағыз ерекшелік.
Өмір – жұмбақ пен құпияның алмасуы. Оны алдын ала болжай алмайсыз. Бірақ құпияның орнын қорқынышқа, күдікке толтырып алатын адамдар үнемі кездеседі.
Ең алдымен өз үніңізге құлақ түріңіз. Өз өзіңізбен қалудан ләззат алуды үйреніңіз. Әлдекім келіп есігіңізді қағады-ау деп алаңдамайсыз. Біреу келсе – керемет, келмесе – ол да жақсы. Осындай қарым қатынаспен ғана араласа бастаған жақсы.
Ақшаңыз көбейіп жатса, бұл туралы ойлап, тасымаңыз. Жетпей жатқанын да жүрекке жақын қабылдамаңыз. Әлем – қойылым екенін есте ұстасаңыз, еркін боласыз, жаныңызды жегідей жемейсіз. Өмірге тіке қараудан қапалану басталады.
Батылдық – қорқыныш сезімінің белінен басып, белгісіз әлемге бастау. Бастапқыда қорқақ пен батылдың айырмашылығы аса білінбеуі мүмкін. Бір ғана артықшылығы қорқақ қорқыншының айтқанына еріп, айтағына жүреді, ал батыл адам қорқынышты қараңғыға қалдырып, өзі тек ілгері өрлейді.
Сіз сәт сайын өзгеріп тұрасыз. Бір қарағанда, бейне бір өзен секілдісіз. Ол бүгін бір бағытта, бір климатта ақса, ертең басқа жаққа бағытталады. Мен бір түрдің тура солай екінші рет қайталанғанын көрген емеспін. Ештеңе бір орында тұрмайды, бәрі өзгергіш. Осыны көре білетін көреген көз керек.