Өмірін өзгерткен есек

Жанын жаралаған әлгі сөзден әлі арыла алар емес. 

"Түкке де керегің жоқ, ұқтың ба? Түкке де керегің жоқ...".

Өзі шын сүйген, құлай сүйген адамы осылай деді-ау. Бұны сүймепті де. Осынша жыл соқыр болып жүрген бе?.. Осынша жыл?! Табаны күректей төрт жыл!

Ол өзінің қателескенін, төрт жылының желге ұшқанын мойындағысы келмей, ұзақ жылады. Егіле, еңкілдей жылады.

Келесі күні құр сүлдерін сүйретіп, жұмысқа келді. Бұл жақта бәрі абыр-сабыр. Алғашында түк түсінбеді. Жұмыстағы жақын құрбысы алақ-жұлақ етіп, сыбыр етті: "Қысқарту дейді! Қысқартамыз дейді! Жоғарыдан бұйрық келіпті".

Жүрегі қылп етті. Бұл жұмысында іскерлікпен қатар, сыртқы келбеттің жинақылығы да маңызды рөл ойнайтын. Үнемі мұнтаздай таза, жинақы, сәнді киініп жүруің керек. Түнімен жылай-жылай көзі ісіп кеткен ол шашын буа сала айнаға да қарамастан келе салған... 

Бір айналдырғанды шыр айналдыратыны рас екен. Бастық кабинетіне шақырып алып, тұла-бойын бір шолды да, ештеңе деместен, "Арыз жаз" деді. Онсыз да жұмысын құлшынып істеп, бастықтың көзіне түспеген ол ілініп-салынып жүрген көп қызметкердің бірі болатын...

Кеше ғана махаббат буына балқып, тіпті жұмысқа да назар салмаған ол бір күнде ешкімге керексіз, жұмыссыз, жалғыз адамға айналып шыға келді. 

Арада үш ай өтті. Еден жуушы болып бір супермаркетке орналасқан оның айлығы пәтерақысын төлеуге әрең жететін. Қолында күректей дипломы болса да, қаққан есіктері бұл кіргенде, тарс жабылған соң, осы жүдеу, сүреңсіз өміріне көндіккісі келмеді. Өзін жек көріп кетті. Өмірдің мәні қалмағандай, тіпті бір күні биіктен секіріп, өз-өзіне қол жұмсамақ болды. Абырой болғанда, көп араласпайтын көршісі аңдаусызда көре қалып, өмірін арашалап қалды...

Күрең күздің суығы үстіне киген жұпыны киімінен өтіп, денесін қарып, тісі-тісіне тимей, дірдектеп келе жатқан. Бұл суық күздің ғана емес, өмірдің суығы болатын. Кішкене жылынып алу үшін жолдағы дүкенге кірмек болды. Дүкен ішінде бір кәрі әжей көңілсіз тұрған сатушымен әңгімелесіп тұр екен. 

"... Сол кезде құдыққа құлаған есектің қожайыны "Құдыққа түссе түсе берсін, бәрібір қарт қой, маған жас есек сатып алу керек. Мейлің, тіпті түсіп кеткені жақсы болды. Құтқарам деп әуре болғанша, оны көміп тастайын" деп ойлайды. Сөйтіп, көршісін шақырып, екеуі күрекпен топырақ алып, әлгі құдықты көме бастайды. Бағанадан бері ордың ішінде бақырып жатқан есектің үні кенет өшіп қалады. Бейшара есек көміліп демі бітіп, өлген шығар деп ойлаған қожайын құдыққа үңілген кезде, ғаламат оқиғаның куәсі болады. Есек құдыққа түскен әрбір топырақты аяғымен таптап, үйе беріпті. Өзі үйіндінің үстіне шығып, құдықтың ернеуіне жетіп қалыпты! Кәрі есегінен бұндайды күтпеген қожайыны не істерін білмей, құдықтан секіріп шыққан есегін құшақтай алыпты дейді. Сондықтан балам, сату кезінде қателесіп, ақшаң жетпей қалған болса, ол өмірдің саған атқылап жатқан тасы деп ұққайсың..." 

Самайын ақ шалған бейтаныс әжей бұл тәмсілді сатушы балаға емес, құдды өзіне айтып жатқандай әсер алған ол дүкеннен атып шықты. Жүгіре басып, пәтердің есігін құлшына ашты...

Арада бір жыл өтті. Бұл күнде ол білдей бір банктің білдей бір қызметкері. Еден жуушыдан банк қызметкеріне қалай айналып кеткенін сұраған адамдарға дүкеннен естіген есек туралы тәмсілді айтып беруден бір шаршаған емес. Тіпті жұмыс үстеліне сүйкімді есектің суретін іліп қойған. Қожанасыр айтқан ақымақ есек бұның өмірін түбегейлі өзгерткен... Біреу оған бір тәмсіл өмірімді басқа арнаға бұрып жіберді десе, сенбес еді... Тура кинодағыдай... Бірақ өмірдің өзі кино емес пе?.. 

- Кеттік пе?

Жұмысындағы өзі де іштей ұнатып жүрген сымбатты жігіт бұған мейірлене, махаббатпен қарап тұр екен. 

-Әрине.

Ол өзінің бір адамның өміріндегі басты кейіпкерге айналғанын сезінді де, жымиып күліп жіберді. Оның күлкісі жеңістен туған рахатқа толы күлкі еді... Әлгі есек те құдықтан секіріп түскен кезде, күле алатын болса, дәл осылай күлер ме еді... Кім білсін... 

Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова

Сурет: zastavok.ru