Өмірдің мәні неде?

Өмірдің мәні неде?
Фото: womensplay.net

Бір күні шәкірт ұстазынан:

– Ұстаз, өмірдің мәні неде? – деп сұрайды.

Ұстазы:

– Кімнің өмірін айтасың? – деп қайтара сұрайды. Шәкірт сәл ойланып тұрып:

– Бүкіл адамзаттың өмірінің мәні неде? – дейді. Ұстаз терең күрсініп, барлық шәкіртіне қарап:

– Жауап беріп көріңдерші, – дейді.

Сонда бір шәкірт тұрып:

– Мүмкін өмірдің мәні махаббатта шығар? – деп жауап береді. Ұстазы:

– Жаман емес, – деп мақұлдайды да, – Демек бір махаббат қана өмірдің мәні бола ала ма? – деп шәкірттеріне қарайды.

Екінші шәкірт орнынан тұрып:

– Менің ойымша, өмірдің мәні – артыңа бір нәрсе қалдырып кету. Мысалы, сіз секілді! – дейді.

– О, – дейді Ұстаз, – Егер сені дұрыс танымайтын адам болсам, маған жағымпазданып тұр деп ойлар едім... Сенің ойыңша, көп адамның өмірі босқа өтіп жатыр ма? – дейді.

Сонда үшінші шәкірт: – Ендеше өмірдің мәнін іздеу керек шығар? – деп сенімсіз түрде жауап береді. – Қане, қане, – деп күлімдейді Ұстаз, – Ойыңды түсіндірші.

– Менің ойымша, егер бұл сұрақты өзіңе қойсаң, біріншіден, нақты әрі соңғы жауабын ешқашан таппайсың, әр тапқан жауабыңа күмәнданумен боласың, екіншіден, қандай жауап тапсаң да, оны теріске шығаратын адам табылады... Осылайша өмірдің мәнін іздеумен бүкіл өмір өтіп кетеді... – дейді шәкірт.

– Яғни өмірдің мәні деген... – дейді Ұстаз, – Өмірдің мәні...

– Өмір сүру! – дейді әлгі үшінші шәкірті. 

– Меніңше, жауабы – осы, – депті сонда Ұстаз. 

М. Оңғарова