- Негізгі бет
- Тәмсіл
- Өмір өнерінің құпиясы...
Өмір өнерінің құпиясы
Бірде рухани ұстаз шәкіртін тау етегіндегі баққа ертіп келді. Бақ ішінде қабырғалары биік те жылтыр, қиын лабиринт бар еді. Лабиринттің төбесі ашық болғандықтан ішіндегі жүретін жолдарға күн сәулесі түсіп, жарық қылып тұратын. Ұстазы шәкіртін лабиринттің аузына ертіп келді де шығатын жолды тауып шық деп кетіп қалды. Ол лабиринт ішінде бір күн, бір түн жүріп, шығатын жолды таппай, қайта-қайта тұйықтарға тіреле берді. Ақырында ол шаршап, жерге жата қалып ұйықтап кетті.
Бір кезде иығынан біреу түртіп оятты. Қараса, ұстазы екен. Ол: «Соңымнан ер,» - деді.
Ұстазының тапсырмасын орындай алмағанына ұялған ол соңынан ерді. Лабиринттен шыққан ұстазы артына бұрылымастан, тауға шыға бастады. Таудың ең ұшар басына шыққан соң: «Енді төмен қара,»-деді.
Олар тұрған жерден лабиринт тура алақандағыдай көрінеді екен.
– Осы жерден үңіліп қарау арқылы сен лабиринттен шығар жолды тез тауып аласың ба?-деп сұрады ұстазы.
– Иә, ол қиын емес, анықтап қарап алсаң болды,- деді шәкірті.
– Онда жақсылап қарап, шығар жолды тауып, есіңде сақта,- деді ұстазы. Сәлден соң олар таудан төмен түсіп, шәкірті лабиринтке қайтадан кіріп, еш адаспастан, тура жолмен тез тауып шықты.
Шәкіртін лабиринт есігі алдында күтіп алған ұстазы: «Бүгінгі сенің алған сабағың, Өмір Өнерінің басты құпиясы болып табылады. Өмірдегі қиын сәттерден неғұрлым аулақ болып, биікке шыққан сайын, кең жер көрінеді де, шығар жолды тез тауып аласың,» - деді.