Тағы бір тамаша тәмсілмен бөлісудің реті келіп тұр. Ендеше, төменге көз жүгіртіңіздер:
* * * *
Бірде Ұстаз менен сұрады:
- Ауаның дәмін сезіне аласың ба?
Орман ауасын сіміре жұттым да, бірнеше иіс түрін айтып бердім.
- Иә, иіс сезуің жаман емес. Ал дәмге келсек?
Иттерге ұқсап тілімді оңды-солды ауыз қуысында жыбырлатып та көрдім, алайда, сол күйі түсіне алмай дал болдым.
- Жақсы, - деп Ұстаз күлді де, артыман бас салып қысып, ауыз бен мұрнымды алақанымен жауып тұрды.
Қарсыласудың сол сәтте түк те шешпейтінін түсіндім. Бірақ бір минут өтер-өтпесте өмір сақтау түйсігі тұла-бойды тыпырлатып, қарсылық көрсете бастады. Сонда барып қана Ұстаз мені еркіме қойды. Ал мен болсам, Өмірді кеуде кере жұтуға айналдым.
- Өмірдің дәмі, - дедім мен, жөнге келіп.
- Дұрыс. Осы дәмді үнемі сезініп жүруің тиіс. Бұл дәм суда да, тамақта да, сосын тағы да көп нәрселерде бар. Есіңде болсын, дәмі жоқ тағамды жеуші болма. Жан-жүрегі өлген адаммен әңгіме соқпа. Өмір кесесінен рахаттана шөліңді қандыр, бірақ, асықпа, себебі, уақытынан бұрын кесені бос қалдыруың да мүмкін, төгіп алуың да ғажап емес.
сурет:www.pepsilight.ru
Аударған: Фараби Арыстанбек