- Негізгі бет
- Тәмсіл
- Өмір деген біреу...
Өмір деген біреу бар...
Ақиқатында, адам баласы өмірдің алай-дүлей дауылы соқса, бір–ақ күнде ұшырып әкететін немесе белінен морт сынатын ағаштар іспетті. Яки, өмір дариясына күмп етіп түсіп, көзін жұмып, нартәуекелдің кемесіне мінеді де, екі қапталындағы ескегін қатар есіп, көк теңізге өз жолын салып кетеді. Кейбіреулер су жұтып, қақалып–шашалып жатады, енді біреулер иірімге батып, кейбіреулер өзінше малтуды үйреніп, құлаштап жүзіп кетеді. Жағаға жан дәрменімен ытқып шығатындар да бар. Жалпы, бұл - арпалысқа толы өмірдің сан қилы жолдары. Қамшының сабындай біртұтам қысқа ғұмырында адам баласының жетсем деп жүрген жеңістері де, терсем деп жүрген жемістері де таусылған емес. Адамның арманы шексіз, бірі орындалса, екіншісі қылаң беріп, алыс белестен қол бұлғап тұратыны ақиқат. Сол асыл армандарға өмірдің асау толқынына төтеп беріп, тырмысып жағаға ұмтылған жандар ғана жете алады. Олар – өмірді сүйеді. Жалпы, өмір дегеніміздің өзі не? Ұлы Абай өмірге мынадай анықтама береді:
Өмірдің алды – ыстық, арты – суық,
Алды – ойын, арт жағы мұңға жуық, – дейді.
Ал ақиық ақын Мұқағали өмір жайлы былайша ой толғайды:
Өмір деген – бұйым емес қолдағы,
Өмір дейтін – ұлы бекет жолдағы.
Қаның кеуіп, қаталаған шағыңда,
Сусыныңды қандырсаң бір болғаны...
Иә, өмірдің өзі жұмбаққа толы. Кейде қуанамыз, кейде налимыз. Кей кездері өміріміздің мәнін жоғалтып алғандай да боламыз. Өмірге деген сүйіспеншілік сезімді тұншықтырамыз. Мұның бәрі де өмірдің заңдылығы. Ал, біз «Өмір» атты алып мұхитта қалай жүзіп келеміз? Қысқа ғана ғұмырымызды бақытқа толы сәттерге толтыруға талпынамыз ба? Осы тәрізді сұрақтар төңірегінде сіз бен біз тағы бір толғанып көрейікші...
Атақты психиатор, профессор Филипп Е.Хумберт «Адамдардың бақытты ғұмыр кешуінің 10 кілті» атты тақырыпта біраз зерттеу жұмыстарын жүргізіп мынадай қорытындыға келген екен:
1. Өзіңді таны ... ( Сократ )
Өз ішіңе саяхат жаса. Күнделік жаз. Жүрегің, көңілің, ар-ұжданың не дейді? Не нәрсені алдыңғы қатарда ұстайды? Мына әлемге терең үңіліп, сыры мен қырын меңгерудің жолы ең алдымен ішкі жан дүниеңе сапар шегумен басталатынын ұмытпа.
2. Сырттай қандай болсаң, сол қалыбыңды сақта! ( Мәулана )
Шыншыл да әділ бол, дұрыс ойла. Жүрегіңнің даусына құлақ сал да соны қорға. Өмірде бір нәрселерді қорғау үшін ат салыспасаң, барлық нәрсе сенің мәртебеңді түсіреді.
3. Ең жоғарыда ғашықтық бар... ( Азиз Паул )
Үнді ырғаққа айналдырған ғашық-дүр. Ғашықтық, сүйіспеншілік болмаса, тартымдылық кем болса өмірің құрғап қалған бұтақтан ешқандай айырмашылығы қалмайды.
4. Дүниені қиял-ойдың күші шыр көбелек айналдырады... (Альберт Энштейн)
Істеген амалдарыңның барлығы ең алдымен қиял-ойдан бастау алады. Өмір деген барлық адамдар үшін, ойлағандарын жүзеге асыру, істеген ісінің әрі істейтін ісінің ең дұрысына жету.
5. Асқан әдемілік көзді шығармаса керек ... ( Мае Вест )
Тамаша өмірді неге рахаттанып өткізбеске? Бақытты бөлісу керек. Өмірді сүйіспеншілік сезімі одан сайын қызыққа айналдырады. Жанның ырғағында «қанекей алға, өзіңді көрсет!» деген леп бар. Тәкаппарлық емес, ұмтылыс!
6. Мүмкіндіктерді қалт жібермеген сайын көбейе түседі... (Сун Цзу)
Жеңіс қайсарлықты қажет етеді. Бастапқы кездегі қайсарлық кейіннен сенімге айналады. Сенім адам бойындағы қызметке деген ынтаны ояндырғанда, мүмкіндіктер одан сайын жоғарылай береді.
7. Не істе, не істеме, сынауға болмайды! (Иода)
Өмір – жылдам қозғалыс, шешім мен шешімді болуды талап етеді. Күдіктенгендер артта қалады. Өмірдің үстімен жүрмесең, өмір сенің үстіңнен жүретін болады.
8. Кемелдік – қосатын нәрсе қалмаған кезде емес, алынатын бір нәрсе қалмаған кезде пайда болады... ( Антоние де С.Ехуперю)
Өміріңді жеңілдет. Жеңілдете түс, тағы да тағы да ... Сол кездегі жағдайға бір қара. Арман-тілектеріңнің тізімін азайт. Егер азайтатын болсаң, жетістікке жетесің. Ол күннің сәулесіне лупа ұстаған сияқты болады, егер сәулені жинақтай алмасаң өмірді жаға алмайсың.
9. Қабілет болмаса өнерші болмайды, алайда еңбек етіп, тер төкпесең қабілетің түкке де жарамайды... (Эмиль Золя)
Тек қана ақылды, саналы әрі ұқыпты әрекеттердің нәтижесінде үлкен жетістіктерге жетуге болады. Алмасты жонбасаң, қолыңда тек тастың түйірі қалады.
10. Өмір сүрудің екі жолы бар: Бірі, ешқандай нәрсе мұғжиза емес сияқты өмір сүру... Екіншісі, барлық нәрсе мұғжиза сияқты өмір сүру... (Алберт Энштейн)
Шүкір етуді ұмытпау керек!
Міне, өмірді бақытты да мәнді ету өз қолымызда екен. Айналадағы әсемдікті көре білейік, өмірдің адамға бір-ақ рет берілетінін де естен шығармайық, достар!
Жолдаған: Мөлдір Қыдырбай
Дайындаған: Нұржігіт Айдархан
Сурет: shkolazhizni.ru