- Негізгі бет
- Тәмсіл
- Өмір айна сияқты...
Өмір айна сияқты
Ерте ерте ертеде… Бір сұлтан үлкен сарай салыпты. Сарайдың ішіне арнайы айнадан құралған бөлме аштырады. Тіпті, бөлменің едені мен төбесіне де айна қойдырады. Бір күні сарайдың ішіне байқаусызда сұлтанның иті кіріп кетеді. Ит айна қондырылған бөлмеге кіріп аң-таң болады. Айналасындағы қаптаған иттерді көріп не істерін білмей бір орында қалшиып тұрып қалады. Жан-жағының бәрінен иттер тесіліп қарап тұр.
Ол өзінің қорыққанын сездірмеу үшін жай ғана тісін ақситып қойды. Бұл оның иттерді қорқытпақ болған түрі еді. Өзіне қарап тұрған иттер де тістерін ақситты. Бұл одан сайын жынданып, ырылдап айбат шегуге көшті. Олар да қалыспай ырылдай бастады. Амалы таусылған ит үріп корқытпақ болып, барынша дауыс көтеріп үрді. Оған қарап тұрған иттер де одан қалыспай тоқтамай үре берді. Ол қанша үрсе де әлгілерді еш тоқтата алмады. Бұл осылай жалғаса берді. Таңертең сұлтан айнаға қарамақ болып бөлмеге кіргенде итінің аузы көпіріп өліп жатқанын көрді. Бөлмеде жалғыз иттен басқа жан-пенде жоқ. Тек қана айналар бар. Шын мәнінде, итті ешкім қорқытпады, оған қарсы ешқандай ит үрген де жоқ. Ол бар болғаны өз-өзіне айбат шегіп, өз-өзімен арпалысып өлді.
Міне, дәл осы сияқты ішіңіздегі мыңдаған кедергілерден сүрінбей өтсеңіз, сырттағы кедергілерден оп-оңай өте аласыз. Сіз қандай болсаңыз-айналаңыздағыларды солай көресіз. Дүние – ішіңіздегіні көрсететін айна екенін ешқашан естен шығармаңыз.
Ж. Жұмағұлов