Өгей ана

Сегіз жасар баланың анасы қайтыс болды. Әкесі жыл уағы өтер-өтпестен, қайта үйленді. Бір күні әкесі қызынан: «Балам, сенің бұрынғы анаң мен қазіргі анаңның қандай айырмашылығы бар екен?» деп сұрады.

Баласы бар пейілімен: «Бұрынғы анам өтірікші, қазіргі анам шыншыл екен» деді.

Әкесі қайран қалып: «Қалайша?» деп сұрады.

Бала:

- Бұрын мен анамды ренжітсем, анам маған: «Сен мені өкпелете берсең, саған тамақ бермеймін!» дейтін. Мен оны тіпті де ренжіте беретінмін. Ал, ол болса, мені ауылды шарлап іздеп жүріп, тауып әкеліп, тамақ жегізетін. Бірақ қазіргі анамды ренжітсем: «Егер мені ренжітсең, тамақ бермеймін» деді. Екі күн бойы аш отырмын. Бұрынғы анам: «Енді жылама, жыласаң, далаға лақтырып жіберемін» дейтін, бірақ жылай беретінмін, анам мені ұрмай-соқпай бауырына басып: «Балам, жылама, қай жерің ауырады, кім тиісті?» деп уатып алатын. Қазіргі анам "ұрамын" дейді, айтқанында тұрады. Бұрынғы анам үнемі өз ыдысындағы етті маған беретін де: «Сіз неге жемейсіз?» дегенімде, ол кісі: «Балам, мен етті жақсы көрмеймін» дейтін. Қазіргі анама: «Менің ыдысымда неге ет жоқ?» десем, «Көп сөйлемей, тамағыңды іш, барлық адам етті жақсы көреді, еттің бәрін сен жесең, біз не жейміз?» дейді, – деп жауап қатты.

- Әке, әсілі бұрынғы анам бәрін өтірік айтқан екен, ол да етті жақсы көретін сияқты ғой, иә?.. Әке, неге жылап отырсыз?..

Дайындаған: Сұңқар Ақбоз

Сурет: xinhuanet.com