Бірде ұстаз екі шәкіртіне төңіректі шарлап, мүмкіндігінше көп түсініксіз, жұмбақ заттарды тауып келуге жұмсады. Бірінші шәкірті ертеңіне ақ жетіп келіп: «Мен төңіректегі орман, тау, теңіз, бәрін аралап шықтым. Мұнда бірнеше ауыл мен бір қала бар, яғни барлық жер танылған, игерілген. Бірақ мен бұл жерлерден ешқандай жұмбақ көре алмадым,»-деді. Екінші шәкірті тек бір аптадан соң ғана келді.
– Ұстаз, кешіріңіз, мен төңіректі түгел шарламадым, себебі бір аптадан артық жүре алмадым. Барлық жұмбақтарды түгел теріп әкелуге уақыт жететін емес. Таңертең ерте кең далаға шықтым. Сол сәтте ақ мыңдаған сұрақтар пайда болды. Неге әр гүл соншама әдемі, бірақ олар әр түрлі жаратылған? Неге шық тамшысы сондай ккішкентай, бірақ онда бүкіл аспан анық көрініп тұр? Тәңіріміз қалай ғана осыншама көп шөптерді жаратты? Сөйтіп шәкірті ұстазы сұрақ қойып тоқтатпаса тоқтайтын түрі жоқ еді.
– Сен даладан басқа тағы қай жерде болдың?
– Мен даладан соң теңіз жағасына бардым, сөйтіп онда да мыңдаған жұмбақтарды кездестірдім. Теңіз суы неліктен тұзды болып жаратылған? Неге құрлық пен су жануарлары бөлек-бөлек жаратылған? Сөйтіп екінші шәкірт күн батқанша жұмбақтар жайлы айтумен болды. Сөзінің соңында:
– Ұстаз, одан артық мен ешқайда бара алмадым. Жұмбақ деген айналамызда тым көп, ал мен олардың жауаптьарын біле бермеймін.
– Қорқатын ештеңе жоқ,-деді ұстазы. – Дана адам үшін айналада өзің айтқандай мыңдаған жұмбақтар бар. Көп білген сайын, өзіңнің аз білетініңді байқайсың. Тек ақымақтар үшін ғана бәрі түсінікті.