Бір шалдың төрт ұлы болыпты. Бір күні шал ұлдарын жинап алып:
– Мен қартайдым. Сендер ержеттіңдер. Қарашаңыраққа біреуіңді қалдырамын. Кімнің ақылы байлығына сай болса, сол мұрагерім болады. Жиған байлықтарыңды көрсетіңдер, – деді. Балалары әкесіне байлықтарын әкеліп, мақтанды.
Үлкен ұлы асыл тас салған жүзігін көрсетіп:
– Міне, менің байлығым. Жарты патшалыққа татиды. Кім бай болса, сол ақылды, – деді.
Екінші ұлы сәнді киімдерін киіп, әдеміленіп келді де:
– Мені көрген жұрт киімімнің алдында бас иеді. Мұндай киімді патша да кимеген. Бәсі бір патшалық, – деді.
Үшінші ұлы күміспен және алтынмен апталған белдігін буынып:
– Мұндай белдікті ешкім, ешқашан буынып көрген емес. Құны екі патшалыққа жүк, – деді.
Әкесі үлкен ұлдарына қарап, басын шайқайды да, кенже ұлына:
– Әй, сен, неге үндемейсің? Мақтанарлық байлығың қане? – деді. Кенжесі:
– Менде асыл тасты жүзік те, сәнді киім де, алтын-күміспен апталған белдік те жоқ. Тек жұмысқа жарамды екі қолым бар. Қайрат-жігерге толы жүрегім бар. Бар байлығым осы, – деді.
Шал кенже ұлына риза болды.
– Жұмыс істей білген адам жұтамайды, – деп, батасын беріп, мұрагер етті.
Кейін жұт болып, байдың бар малы қырылып, балалары қолдарына таяқ ұстап қалыпты. Сол кезде өнер жиған кіші баласы ғана бақуатты өмір сүріп, ел-жұртына көп пайдасын тигізіпті.