Қыс түсіп, қар жауғанда ауыл балаларының кəсібі – доп қуалау. Желі шыққан ала доптың ішіне сабан тығып, кейде соғымға сойылған өгіздің қуығын үрлеп ермек қыламыз. Қыстың бір күні азаннан кешке дейін доп қуып, қара сүмек тер басып, үйге кеш оралдым. Тамақ ішіп болғанша тоң боп қатқан аяқ киім жібіп, жұмсарды. Өзім де маужырап, ұйқым келді. Шылқа су аяқ киімімді лақтырып жіберіп, орныма құлай кеттім. Шешем су болған аяқ киімімді пешке жайып, арасында:
– Мына бала ұлтарағын жайып, аяқ киімін кептірмейді. Өзіне жақсылық қылмаған бұл, кімге жақсылық қылады-ей, – деп күбірлеп сөйлеп жүр.
– Ой, апа! Ұйқым келді, сіз кептіре салыңызшы соларды. Шаршадым.
– Үй бетін көрмей қаңғып-қаңғып келіп ап, енді маған мін-детсиді. Қайтіп адам болады екен бұ немелер!..
Шешемнің кей сөзін естіп, кей сөзін естімей ұйқыға бас қойдым…
***
Боқай шалдың үйінің есік алдынан өтіп бара жатқам. Қолымда іші қуыс сиырдың мүйізі. Кенет көзім жуып, жайып қойған Боқай шалдың немересінің шұлығына түсті. Жап-жаңа. Ала жаздай шұлықсыз жүгіретін пақыр үшін бұдан артық дүние болсын ба, шұлықты жаюлы тұрған жерінен жұлып-жұлып алдым. Бір қолымда мүйіз, бір қолымда шұлық, енді ауладан шыға бергенімде Боқай шалдың төбесі көрінді. Маған қ келе жатыр. Қырыс шал таяп қалды, зəрем ұшты. Немересінің шұлығын қолымнан көрсе, асатаяғы арқамда ойнары анық. Не істеу керек? Ақыры жан қысылғанда амалын да таптым. Шұлықты қуыс мүйізге тығып, мүйізді лақтырып ойнап, шалдың қасынан алаңсыз өте шықтым. Ол да ештеңені байқаған жоқ. Сəлем бердім, аузы жыбырлады. Үйге келіп шұлықты тығып тастап, көшенің шаңын көтеріп ойнап жүрген балалар тобына қосылдым. Сол кеткеннен мол кетіп, кешқұрым бір-ақ оралдым үйге. Шешем сойылған малдың терісіне айран жағып, қарбалас болып жүр.
– Мал сойғансыздар ма, апа? – деп шешемнің қасына бардым. Шешем түйілген қабағын ашпай:
– Қоңыр тайынша ауылдың шетіндегі арыққа үйелеп өліп қалыпты. Пышаққа ілінбей, арам қатты. Терісі тулаққа жарар, – деді де қойды.
Ел орынға отырған шақта «күндіз ұрлаған моншақты түнде тағуға» кірістім. Інім:
– Мұны қайдан алдың? – деді дауыстай сөйлеп. Шешем біз жаққа жалт қарады, ұрлығым айпарадай болды. Үлкен тергеу басталды. Ақыры шешеме бұл шұлықты қандай «машақатпен» қолға түсіргенімді айтып бердім. Қатты ашуланды, басымнан тартып кеп жіберді.
1p>– Бəсе, бұл тайынша себеп-сізден-себепсіз неге өліп қалдыдесем, сен екенсің ғой бəрін құртқан! Көрдің бе, бір шұлық үшін қаншалықты бодау бердік! Бар, құры! Қазір апарып таста андағысын, – деп мені дедектетіп сыртқа шығарып жіберді. Амалсыз Боқай шалдың үйін бетке алдым. Қоңыр тайыншаның өліміне себепкер екенімді шешем кесіп айтты…
***
– Мына бейшара баланы əбден қырсық айналдырған екен. Сауда істеймін деп, жолым болмай қарыз арқалап ауылға жетіп барғанымда шешем алдымнан шықты. Қолындағы тұтаған құрым киізбен екі иығымнан кезек-кезек ұрып қояды.
– Алас, алас!
– Қойыңызшы, апа! Осындай бір құрапилықтарыңыз қалмайды екен, – деп үйге кірдім. Босағаның сыртында тұтаған құрым киізін əлі ұстап тұрған шешем:
– Құрапилық дейді, енді сонша қарызды қайтіп қайтармақшысың? Сенен бір қырсық арылмады ғой.
Бетін жас жуған шешемнің бірнеше тал самай шашы жаулығының сыртына шығып тұр. Ақ шалыпты. «Мына кісі де қартайған екен» деп ойладым…
***
– Алматыға сағат нешеде жетесіз, апа?
– Таңғы төрт-бестерде.
– Аман-есен жетіңіз. Күтіп алам ғой.
– Ой, таң атпай дірдектеп не істейсің? Жұмысқа баруың керек. Ұйқың шала болса, күні бойы жынды боп жүресің. Вокзалда шамалы отыра тұрармын, асықпай келе бер.
…Селк етіп ояндым. Сағат түнгі үшті көрсетіп тұр. Кешкі телефондағы аз-кем диалогтан кейінгі жүректің көзінен мөлт ете қалған ыстық жастай терезе сыртындағы ағаш жапырақтарынан тамшы үзіледі. Жаңбыр жауыпты…
***
– Аман-есен жетіп алдыңыз ба, апа?
– Шүкір, балам, шүкір! Алла тағала Қағбаны көруді де нəсіп етіпті. Қағбаны алғаш көргенде тілеген тілек, қылған дұға қабыл болады дейді. Саған дұға қылдым, балам. Бəріне дұға қылдым…
– Дұға-тілектеріңіз қабыл болсын, апа! – дедім аузыма басқа сөз түспей.
Телефондағы аздаған əңгімеден кейін өткен өмірімдегі бірер оқиға есіме түсті. Соның басын құрап, қағаз шимайладым. Шешемді балапаны үшін көз жасы жаңбыр боп себелейтін Шыңырау секілді алып самұрық құсқа ұқсаттым…
Ертеде қанаты туырлықтай Шыңырау деген самұрық құс болыпты. Шыңырау адам аяғы жете бермейтін жапан түзде өсіп тұрған алып бəйтерекке ұя салады. Жұмыртқа басып, екі жылда бір рет жалқы балапан шығарады. Бірақ, сол төңіректі мекен еткен бір айдаһар Шыңырау жем іздеп кетісімен бəйтерекке өрмелеп шығып, балапандарын жеп қояды екен.
Осы оқиға жыл сайын қайталана беріпті. Содан Шыңырау əбден зəрезап болып, қасірет шегіп, қиян шеттен жем алып келе жатып, бауыр етіндей балапанын ойлағанда ағыл-тегіл жылайды. Сонда Шыңыраудың көз жасы жерге нөсер жаңбыр болып құйылады. Енді бірде туырлықтай қос қанатын құшырлана серпіп, балапанына жетуге асығып ұшады. Ондайда жер бетінде жойқын дауыл тұрып, жел екіленіп, екпіндей соғады дейді.
Күндердің күнінде Шыңыраудың топшысы ағарып, қартаяды…
Ықыластың «Шыңырау» күйінің шығуына ел ішінде айтылатын осы аңыз-əңгіме себеп болған деседі.
Ырысбек ДƏБЕЙ
"Ақ желкен" журналы