Бірде жас жігіт данагөй қарттан ақыл сұрай келіпті.
– Үйленген адам қалай бақытты болады? Неге сізді ел-жұртыңыз қадірлеп, қастерлейді? Бәрі ақыл сұрап жатады. Отбасы бақыты неде? Соның құпиясын маған айтасыз ба?
Данагөй ақсақал жымияды да бәйбішесін шақырады. Бөлмеге көрікті, бәденді келіншек кіріп келеді:
– Отағасы, мені шақырдыңыз ба?
– Жарқыным, сен қамыр илей қойшы.
– Жақсы!
Әйел шығып кетеді. Сәлден соң ол қайтып оралады. Қамыр дайын дейді.
– Енді оған қайырылған май мен баламыздың туған күніне арнап сақтап отырған жаңғақтарды сал.
– Жақсы.
Ол тағы шығып кетеді. Қайтып келгенде күйеуі оған:
– Қамырыңа ауладағы топырақтан бір уыс қос та, пешке салып пісір, ¬- дейді.
– Жақсы, — деп әйелі мақұлдайды.
Жарты сағаттан соң қолына пештен енді түскен екі түрлі бір сұмдық нанды алып келеді.
– Біз мұны жемейтініміз айдан анық! – дейді күйеуі. – Қорадағы шошқаларға бере сал.
– Жақсы, — депті әйелі тағы да.
Отырған қонақ жігіт қатты таң қалады. Осындай да болады екен? Бір сөз қарсылық білдірмеді. Күйеуі не айтса да, бәрін сол күйі істеп шықты. Тіпті адам санасына сыймайтын ақылына дейін алып отыр.
Жігіт үйіне келіп көргенін қайталамақшы болады. Үйіне кіргеннен әйелінің күлкісін естиді. Құрбыларын жиып алып ойын ойнап отыр екен.
– Бәйбіше! — дейді бұл оған.
– Қолым бос емес! — деп әйелі жатын бөлмеден айқайлайды.
– Бәйбіше!
Біраз уақыттан соң ол келеді:
– Не болып қалды?
– Қамыр иле!
– Есің дұрыс па? Үйде тамақ көп. Істейтін ісім онсызда жетіп артылады.
– Қамыр иле дедім саған!
Жарты сағаттан соң әйелі ашулы кейіпте қамыр дайындағанын айтты.
– Қамырға ең жақсы жаңғақ пен қайырылған май қос.
– Есің дұрыс емес шығар! Арғы күні менің сіңлімнің тойы, жаңғақ соған пісіретін тәттілерге керек!
– Айтқанымды істе!
Әйелі жаңғақтың жартысын ғана салады.
– Енді оған бір уыс топырақ қос!
– Алжастың ба? Топырағың не? Осынша азықты текке бүлдірмекпісің?
– Топырақ салып пісір!
Бір сағаттан соң әйелі піскен нанды алдына әкеліп тастай салады:
– Мұны қалай жейтініңді көрейік ал!
– Жемеймін мен, шошқаларға апарып бер!
– Не деп тұрсың? – деп әйелі бұлқан-талқан болады – онда сол шошқаларыңа өзің апарып бер!
Есікті тарс жауып, өз бөлмесіне кетіп қалады. Содан кейін неше күн күйеуінің қылығын келемеж етіп, жұртқа айтып, күліп жүреді.
Сонда қонақ болған жігіт данагөй ақсақалға қайтып келеді:
– Неге? Сіздің әйеліңіз бір сөзіңізді бұлжытпай орындады. Ал, менің әйелім ұрыс шығарды. Әлі күнге дейін мені күлкі қылады, — деп сұрапты табалдырықтан аттамай жатып.
– Еш қиындығы жоқ. Мен әйеліме жекіп, ұрыспаймын. Оған бұйырып сөйлемеймін. Мен оны қорғаймын. Оның жанын жай таптыратын нәрсе сол. Менің әйелім отбасылық бақытымның кілті.
– Маған қайт дейсіз? Басқа әйел алайын ба?
– Басқасын табу ең оңай тәсіл. Бірақ ол тәсіл қайғылы нәтижемен тынуы ықтимал. Саған және сенің әйеліңе бір-біріңді сыйлап үйрену керек. Ол үшін сен оны қайтсең де бақытты етуің қажет.
– Мен онсыз да ол үшін бәрін істеймін!
– Содан ол бақытты ма? Сен екеуің бақытты ғұмыр кешу үшін үйленбеп пе едіңдер? Бірге қуанып, бірге қайғырып өту үшін отбасы болдыңдар емес пе? Солай өмір сүрудің орнына ұрысасыңдар, кім бірінші болуы керек деп қырқысасыңдар, бір-бірлеріңді өзгеге әңгіме етесіңдер…
Терең ойға түсіп жігіт үйіне қайтады. Жолай раушангүлінің талына көзі түседі. Баяғыда осындай гүлдер сыйлап өзінің сезімін білдіріп еді. Күнде бір бұтағын сыйлайтын. Жыл он екі ай үзбеуші еді. Соңғы рет қашан гүл сыйлағанын есіне түсіре алмады. Көп уақыт өтіп кетіпті…
Гүлдің бір бұтағын сындырып алып үйге беттеді. Үйдегілер ұйықтап қалыпты. Әйелін оятып, мазалағысы келмеді. Гүлді оның бас жағына қойып, төсегіне қисаяды.
Ертеңгісін тұрса, әйелі оған таңғы ас даярлап қойыпты. Көзі жайнаған жұбайын көріп, қуанып кетеді. Белінен қапсыра құшақтап, ернінен өбеді. Тура баяғыдай. Алғаш рет оны құшақтаған кездегідей керемет күй кешеді.
Содан бері маңызы жоқ шаруаларға мұрнынан шаншылып отыра бермей, үйге асығатынды шығарады. Әйеліне көбірек уақыт бөлуді әдетке айналдырады. Оны бақытты ететін заттарды жасауға дағдыланды. Ерінің қамқорлығы, көңіл бөлуі, нәзіктігі мен махаббатына әйелі мың еселеп жауап қатты. Келіншегі үйде қалай болса солай жүрмейтін болды. Сүйіктісіне арнап тәтті тамақтар пісіру басталды. Олар ұрысуды доғарды. Бәрі бәз баяғыша, алғаш үйленген күндердегідей қалыпқа түсті.
Бірнеше жылдан соң бұлардың үйінің есігін бір жас жігіт қақты.
– Сіздің әйеліңізбен қарым-қатынасыңызды ел аңыз қылып айтады. Сіздерді ауылдағы әр отбасы мысал қылады. Ал, менің отбасымда бәрі керісінше. Әйелім ұрыса береді. Бар тапқанымды шашады. Мені тыңдамайды. Отбасыда бақытты болудың құпиясы неде? Осыған байланысты қаншама кітаптар оқыдым. Ешбірінің септігі тимеді. Маған көмектесіңіз, — дейді…
Қожайын сәл жымиып:
– Төрлет, айналайын, жайғасып отыр, — дейді, — бәйбішем қамыр илемек болып жатыр еді…
Аударған: Шынар Әбілдә