- Негізгі бет
- Тәмсіл
- Мен мына моншақты...
Мен мына моншақты әпкеме алғым келеді...
Бір кішкентай қыз дүкен сөресіндегі тауарларға сырттан қарап тұрды да, өзіне керегін іздей бастады. Сөредегі заттардың ішінен іздегенін тапқан сәтте қуанышында шек боламай, екі көзі жайнап сала берді. Дүкенге алып-ұшып кірді де, сатушыдан ақықтан жасалған моншақты көрсетуін өтінді.
- Мен мына моншақты әпкеме алғым келеді. Сізден мұны орайтын әдемі орағыш табыла ма? – деп сұрады қыз.
Дүкен иесі қызға күмәнді көзбен қарап:
- Ал сенің қанша ақшаң бар? – деді.
Қыз қалтасынан түйінделген орамалды шығарды да дүкеншінің қолына сондағы бар тиынды ұстатты. Одан соң үмітті үнмен былай деді:
- Мынау жете ме?
Онда тек аз ғана тиындар болып еді. Бірақ қыз әңгімесін тағы жалғастырды:
- Білесіз бе, мен мына моншақты әпкеме сыйлағым келіп тұр. Біздің анамыздың өлгеніне біраз уақыт болды. Анам қайтқалы бері ол бізге қамқор болып келеді. Оның тіпті өзіне қарайтын да уақыты жоқ. Ал бүгін оның туған күні... Мына моншақтың көгілдір ақықтары менің әпкемнің көздерінің түсіне қатты ұқсайды екен. Егер мен осы моншақты оған сыйласам, ол шексіз қуанып қалар еді...
Сатушы моншақты қолына алды да, дүкеннің ішкі жағына кіріп кетті. Аз уақыт өткен соң шығып, оны арнайы қабына салып, сыртын әдемілеп орап берді.
- Міне, ала ғой! – деді ол. – Абайла! Бүлдіріп алмай жеткіз!
Қыз дүкеннен көңілді шығып, үйіне қарай қуанышы қойнына сыймай жүгірді. Жұмыс уақыты аяқталар тұста дүкеннің табалдырығын бір жас, әрі әдемі бойжеткен аттады. Дүкен иесі күндіз алқаны әкеткен кішкентай қызға мына бойжеткеннің аздап болса да ұқсайтынын байқап қалды. Бойжеткен сөмкесін ашты да, дүкен сөресіне көзге таныс моншақты қойды.
- Мына моншақты осы жерден сатып алып па еді? Құны қанша еді? – деп сұрады бойжеткен.
- Менің дүкенімдегі кез-келген тауардың бағасы сатып алушымен келісіледі, - деп жауап берді дүкен иесі.
- Бірақ менің сіңілімнің тек бір-екі ғана тиыны болған. Мына моншақ нағыз ақықтан жасалғаны көрініп тұр. Құны сондықтан қымбат болуы мүмкін. Мұны біздің қалтамыз көтермейді, - деп арыздана бастады бойжеткен.
Дүкен иесі бойжеткенге жақындап келіп, моншақты алды да өзіне қайта ұсынып жатып былай деді:
- Ол моншаққа ең жоғарғы бағаны берді... Сіңіліңіз өзінде барын ғана берсе де, кез келген ересек адам төлейтін бағадан да ең жоғарғысын ұсынды...
Дүкенде үнсіздік орнады да, бойжеткеннің қос жанарынан екі тамшы жас сырғанап қолына тамды. Ал қолында сіңілінің тиындары оралған түйіншек тұрды...
Сурет: magiclady.net
А. Әбілхан