Махаббат мәңгі ертегі

«Сәлем…
Міне, бүгін тағы да сенсіз таң атты. Бүгін де ертемен ояндым. Палата ішінде өлі тыныштық. Тек арылы-бірілі көтеріліп басылған демалу аппараты мен жүрегімнің әр соққан дүрсілін есептеп тұрған мәшиненің дыбысы ғана естіледі. Қашан келгенін білмедім, аяжан оң жағымда орын тепкен ақ түспен сырланған тумбочка үстіне медициналық темір қалбырға дәрілерімді салып кетіпті… Ия, осы бір қызыл-сарысы аралас түйнектей дәрілер менің қазіргі досыма айналды. Бөлме ішіндегі жабдықтардың бәрі де менімен тіл табысқан. Әрқайсысы үнсіз сырласады менімен. Мен де оларға үнсіз ішімнен сырымды айтамын. Сәлден соң палатаға дәрігер кіреді. 

Қан қысымымды, температурамды өлшейді де: „ештеңені уайымдама, әлі-ақ жазылып кетесің деп“ алдаусыратады. Жақсы сөз-жарым ырыс дей ме, әйтеуір сол сөздері де жаныма қуат бергендей. Аяжан да маған қарап күлімсіреп терезені ашып, бөлменің ауасын жаңартады. Сол ауамен бірге сенің ыстық лебің іле кіргендей әсерде қаламын.

Жаным! Сенің орның мен үшін бөлек. Тіпті, сені ойласам жан-дүнием алай-дүлей болып, өзімді қоярға жер таппай қаламын. Жүрегім алып ұшып, қара түнекті бұлтты жарып шыққан күн сияқты, айналаны жадыратып, ерекше шуаққа бөлейді. Сені түсінемін. Қызметтен қолың тимей жүрген шығар. Күнделікті арбалас-қарбалас дүниеден шаршаған шығарсың. Балалар да біреуі бала-бақшаға, біреуі мектепке дегендей таңертең улап-шулап дегендей… білсең ғой, мен сол күндерді осы керуетте жатып қалай аңсайтынымды. Есіңде ме? Есіңде ме сол күн. Екеуіміз де жұмыста отырып қалғанымыз. Сол кезде сен маған қоңырау шалып: „балаларымның папасы-ау, балаларды уақытында алмасақ, әжесі төбемізді оятын шығар. Тезірек барайық“ дегеніңде, бар жұмысты тастай сала екеуіміз де бала-бақшаға тұр жүгіргеніміз. Әлі есімде, көктемнің жып-жылы жаңбыры сіркіреп тұрды. Алдын-ала уағдаласқандай бала-бақшаға екеуіміз де бір мезетте келдік емес пе? Сонда тәрбиеші балаларды коляскаға салып беріп жатып: енді кешікпеңіздер, балаларыңыз жылайды» деп ескерткенде екеуіміз де көңілшекпіз ғой негізі, жылауға шақ қалғанымызды. Сонан көше бойлап келе жатқанда күнделікті сүт алып жүрген әжеміз алдымыздан шығып, сүтпен бірге ыстық бауырсақ бергені? Ой, сонан бір кезде жаңбыр жауып кеп берсін. Сонан біз де тұра жүгірдік. Шуылдасып, күлісіп үйге де жеттік. Сол кезіміздің өзі, әр күні мейрам еді ғой бізге…

Мен сені, балаларды сағындым. Дәрігер аз күнде сауығып сенімен кездестіретінін айтты. Сол күнге жеткенше асығып жатырмын. Бірақ… күн сайын денем ауырлап, көз алдым тұмандана береді. Бірақ, дәрігер айтты ғой, жазылып келесің деп. Әлі-ақ аттай шауып кетемін. Көрерсің. Екеуіміз армандаған Астанаға да барамыз балалармен. Бәйтеректі көреміз, Ақ Орданы көреміз. Солай емес пе? Әлгі аты қалай еді… ия, ия Думан… соған барамыз. Балаларды қыдыртамыз. Ол күн де әлі алыс емес. Сен білесің бе, менің түсіме кірдің балалармен. Бәрің де ақ киініп алыпсыңдар. Дария жағасындағы сүйікті орнымызға барып от жағып отыр екенсіңдер. Мен де сендердің қастарыңа келіп қуаныштан қауыштым. Тым жақсы түс. Көптен бері түс көрген жоқ едім. Сол ғой ерекше қуанышпен оянғаным. Асқа да тәбетім жоқ еді. Қазір ашылған сияқты..."
Палатаға дәрігер кірді.

— Сәлеметсіз бе?
— Саламатсың ба айналайын. Үй-ішің аман ба?
— Шүкір аға. Өзіңіз қалай демалдыңыз?
— Шүкір, жаман емеспін. Тек түнде көпке дейін көз ілмедім. Неге екенін қайдам? Осы сенімен екеуіміздің арамыз бар болғаны үш-төрт жас. Неге маған «аға» дейсің?
— Сіз менен үлкенсіз ғой. Сондықтан, аға дегенім дұрыс. Қані, қан қысымыңызды өлшейін, — деп керуеттің шетіне отырып қан қысымын өлшеді.
— Бәрі жақсы, аға. 
— Қалқам, мен бала-шағамды сағындым. Ең болмаса ана есіктің саңылауынан бір көрсетші. Сағынышымды басайын.
— Әзірге болмайды аға. Кейін өзім айтамын — деп шалт бұрылып шығып кетті. Оның артынан аяжан да шықты. Дәрігердің жанары жасаурап кетті.
— Қойыңыз, Раушан Мақсұтқызы. Бұл тағдыр ғой.
-Әрине, тағдыр. Бірақ… бірақ, мен ол кісіге қалай айтамын? Қалай… айтамын… сол көлік апатынан… жолдасы мен балаларының қайтыс болғанын? Айтыңызшы, қалай айтамын? 
-Сабыр етіңіз, сабыр.
— Өзінің де санаулы күндері қалды. Жүрегі нашар. Қазіргі сараптамасының беті жақсы емес. Қолымыздан ештеңе келмейді. Қалай естіртемін оған? Неге ғана дәрігер болдым екен, — деп булығып аяжанның иығына асыла кетті. Аяжан да көзіне келген жасты ірке алмай, дәрігер қыздың басынан сипап, үнсіз ғана жылап тұрды. Осы кезде сырттан жаңбырдың тамшыларының тырсылы естіле бастады.

Дереккөз: aitaber.kz