Бір дана патша өмір сүріпті. Бір күні патшаға ұлы келіп:
– Әке, сені елдің бәрі дана, көрегені көп, ақылды деп сыйлайды, сен осы сол даналықты қайдан оқып білдің, қандай кітаптар оқыдың, сені қандай мұғалімдер оқытты? -деп сұрақ қояды.
Сонда әкесі:
– Ұлым, мен ел оқыған, сен де оқып жүрген кітапты оқыдым. Менің де ұстаздарым сен білім алып жүрген ұстаздар болды. Бірақ ел айтып жүрген парасаттылық, ақалдылықты тек олардан ғана емес, өмірден, табиғаттан да алдым.
Құмырсқаларды байқап жүріп, олардың еңбекқорлығына, шыдамдылығына, қайтсе де алдыға қойған мақсатқа жетудегі талпыныстарына қызықтым. Бүркітке қарап байқағыштыққа, тез шешім қабылдай алушылыққа бейімделдім. Барыстан ептілік пен шыдамдылықты көрдім. Бөдене құсқа қарап сүйіспеншілікті, қоршаған адамдарына жанашырлық көрсетуді үйрендім. Нағыз даналық пен парасат әр кезде біздің қасымызда жүреді. Тек адамның көзі, құлағы, жүрегінің есігі оған ашық болуы керек, – депті.