Бір кафеде үнемі белгілі бір даяшылар қызмет етеді екен. Оған тұрақты түрде келетін қонақтары да даяшыларды бес саусағындай біліп, жақын танысындай араласады екен. Бір күні қонақ болған екі қызға жаңа даяшы қызмет көрсетеді. Бұл басқаларындай емес, адамның бетіне қарап жағымды жымиысын сыйлай алмайды екен. Не күлмейді, не қабағын түймейді, бір қалыпты түрмен қызметін көрсетіп жүреді. Оған қонақтар сын көзбен қарап, жаңадан келгені көрініп тұр, даяшылық қызметті толық меңгермеген-ау деп, сыртынан қарап отырып біраз сөз айтып тастайды.
Қонақтар біраз отырған соң даяшыдан есепті сұрайды. Өздері ойлағаннан көп ақшаға тамақтанған екен. Қалтасындағы ақшаны қараса, сәл жетпейді. Банкомат карточкасымен төлейін деп қараса, қырсыққанда оны да үйде ұмыт қалдырыпты. Екі қонақ жақын жердегі таныстарына хабарласып, байланыса алмайды. Сөмкелерін ары төңкеріп, бері төңкеріп, жеткілікті тиын-тебен таба алмай қояды. Есепті дайындады ма деп ары-бері өтіп жүрген даяшы жандарына келіп, "сіздерде жетпей қалды ма?" деп сұрайды. Қонақтар ұялғанынан шынын айтады. Бағанадан бері өздері сыртынан сөгіп отырған даяшы күтпеген жерден көмек көрсетіп, "жетпеген ақшаны мен қоса тұрайын" дейді. Жақсы жанның сыртынан бір көріп танып-білмей жатып әңгіме айтқандары үшін екі қонақ өздерінен кешірім сұрайды...