- Негізгі бет
- Тәмсіл
- Көз жасы туралы...
Көз жасы туралы аңыз
Қан төгілсе - қасірет, жас төгілсе - мұң ғана... Солай ма? Сіз білесіз бе, көз жасының химиялық құрамы қан құрамына ұқсайды. Болмашы ғана өзгерістері бар. Көз жасының бір тамшысы адам ағзасы туралы ақпаратты қаннан кем бермейді екен. Адамдар неге жылайды? Ер адамдар неге көз жасын көрсеткісі келмейді? Әйелдер неге көз жасымен қорғанады?
Жер бетін басқан топан су жердің көз жасы еді. Ол жылаған, ұлы ғасырлар бойы жылаған. Адам¬дар жердің көз жасына тұншыққан. Жердің көз жасынан қорғанған. Ұлы көз жасында Нұх пайғамбар тебіренген, оның кемесі тербелген. Жерді ешкім де, ештеңе де жұбата алмаған. Тек қана... Ия, көгершіндер ғана жұбата алды. Ол Адам ұрпағы атынан серт берді, біз енді бейбіт өмір сүреміз деді, біз енді биоқаруларды ойлап тап¬паймыз деді, біз енді атом ядросын жармаймыз деді, біз енді соғыс ашпаймыз, сенің тәніңе жара салмаймыз, сенің жаныңа азар салмаймыз деді. Адамдар сол серттің белгісі ретінде көгершіндерді «бейбітшілік құсы» деді.
Адамның көз жасы адам ағзасындағы бөтентекті зиянды микробтарды тазалай¬ды. Адамның көз жасы оның бойын сергітеді. Жердің көз жасы да солай, ол өз бойын тазартты, көз жасы секілді теңіздердің де суы тұзды, тұзды су жердің тәніне адам баласы салған жараны емдеді. Ал адам баласы сертінде тұрды ма? Адам баласы сертінде тұрған болса, ол әр ғасыр сайын, әрбір дөңгеленген жылдар сайын заманақыр болады деп қорықпас еді, ол адам жанының құпиясындай қап-қараңғы күнәлі түндерде солқылдап жыламас еді, ол күннің күркірегенін аспанның қаһарлануы деп үрейленбес еді, ол алапат су тасқындарын күтпес еді...
Сонда не болды? Адамдар жер жыламауы үшін өздері жылай бастады. Менің көз жасым - менің қасіретім деді, менің қасіретім - ажалдылығым деді. Ақ суым төгілмеуі үшін қызыл суымды төктім деді, қызыл суым төгілгенде ақ суым да төгілді деді.
Жер адамға сенді ме? Ол үнсіз қалды. Әлдебір өксік қолқасына тығылды. Ол адамдар секілді жы¬лай сала алмайтындығын білді. Ол көз жасының құны адамдар үшін неге тұратынын сезді. Ал адамдар болса, күндердің күнінде табиғаттың қаһарынан қорғану үшін Олимп құдайларын ойлап тапты. Олар адамдар үшін Ұлы Рухпен диалогқа түседі деп білді. Олар адамдар күнәсін көтереді деп білді. Олар бар күнәсін пайғамбарлар мен әулиелердің мойнына артып, оларды дарға асты, өртеді, сатып кетті, айқышқа керді. Күндердің күнінде адамзаттың бір ұлы айтты: «Уа, байқұс балалар, енді жылаңдар, сендердің әкелерің өлді!» деді. Адамдар қайта жылай бастады. Оларды ұлы өнер жұбатты, поэзия жұбатты, философия жұбатты. Адам жұбанған жоқ. Ол енді жұбана алмайтын еді. Ол енді басқаша айтты: менің көз жасым - менің бақытым, менің бақытым - ажалдылығым. Ол сол сәтте шын жаратушыны сезді. Ол енді көз жасынан қорыққан жоқ. Ол қасиетті көз жасын сүйе бастады. Мен жылайын - деді - тек жер жы-ламасын.
Адамдардың көз жасын сүйгені соншалықты қайғырса да жылады, қуанса да жылады, жамандық көрсе де жылады, жақсылық көрсе де жылады. Қалыпты жағдайдағы бір күнде көзінен 1 миллиграм жас бөлінсе, ерекше эмоцианалдық жағдайда одан көбейді. Ал кейде, тіпті жас шықпай қалатын сәттері де болды. Сонда адамның бір ұлы айтты: «көзіме жас бер, жылайын». Жас берді, жылады. Ол жылау оның басынан өтіп, тұтас бір ұлттың жылауына ұласты. Ұлттар мен халықтар жылады. Жұбану үшін жылады. Олар жердің көз жасын алды, теңіздер тартылды.
Ер адамдар әйелдер мен балалардың көз жасы төгілмеуі үшін өз қандарын төге бастады. Олардың көз жастары ұлы соғыстарға себепкер болды. Ол соғыстар әйелдер мен балалардың көз жастарын теңіздей тасытты. Сонда еркек жылады. Ешкімге көрсетпей жылады. Сұрланып жылады.
Әйелдер жұбанды. Олар ер адамдардың әлсіздігін білді. Олардың әлсіздігі әйелдердің көз жасының алдында еді. Әйелдер ер адамдарды көз жасымен ұстап тұрды. Көз жасы қаруға айналды. Ол атом зарядына пара-пар қару еді.
Балалар ештеңе білген жоқ. Олар көз жасын табиғаттан берілген қалпында таныды. Таза жылады. Күнәсіз жылады. Олардың қасиетті көз жасының қуатты жер¬ді жылатардай еді. Ал ере¬сектер оларды жылатты, олар жердің көз жасын ұмыта бастаған еді. Адамзаттың бір ұлы айтты: «балаларыңның көз жасын қорғаңдар, олар ертең сендердің қабірлеріңде жылай алуы үшін».
Үшеуінің көз жасы ғасырларды жылатты. Өркениеттерді күңі¬рент¬ті. Қалаларды құлатты, жердің бауырын солқылдатты. Көз жасынан жаңа өркениеттер пайда болды, саз иленді, қалалар тұрғызылды, темір балқыды.
Көз жасы кітап секілді еді, әр тамшысы жаңа беті, жаңа бетте жаңа күн, жаңа күнде жаңа әсерлер, жаңа әсерлер қайта көз жасына айналды.
Көз жасы жапырақ секілді еді, әр пайда болған тамшыға құлау - тағдыр.
Көз жасы сөз секілді еді, бір күні айтылады, айтылмағаны бауырға тас болып байланады. Онымен көп нәрсе айтуға болады.
Көз жасы оттың ұшқыны секілді еді, одан алапат өрт шығады.
Көз жасы түсіністік секілді еді, екі адам жыласа ғана бір-бірін шын түсіне бастайды.
Көз жасы махаббат секілді еді, жанның жарасын емдейді.
Көз жасы сағыныш секілді еді, жыласаң ғана мауқың басылады.
Көз жасы күнә секілді еді, мойныңа артылады.
Көз жасы қарғыс секілді еді, ешқайда жібермейді.
Көз жасы аңсар секілді еді, адамға тәуелсіз.
Көз жасы қиял секілді еді, одан із қалмайды.
Көз жасы уақыт секілді еді, ешқашан қартаймайды.
Көз жасы тағдыр секілді, одан қашып құтылуға болмайды.
Көз жасы тарих секілді еді, адамзаттың көз жасының тарихы түзілер болса, ол барлық жазбалардың ең шынайысы.
Көз жасы теңіз секілді еді, тым терең.
Көз жасы таулар секілді еді, тым ауыр.
Көз жасы досың секілді еді, ең адал.
Көз жасы - адамның өзі еді.
Қазақ айтты: «біреу күлсе, неге күлгенін сұра, жыласа, сұрама». Адамдар неге жылайды? О, себепсіз жылауға бола ма? Себепсіз жылаудың салдары да жеңіл. Кейде адамның жай ғана жылағысы келеді. Тау баласының тауға барып жылағысы келеді, қыр баласының қырға барып жылағысы келеді, теңіз ұлының теңізге жылағысы келеді. Ешкім жылатпаса да, ешкім жұбатпасын білсе де. Мұражайларға көз жасы сіңген сап-сары орамалдар қойылар болса, адамзат баласы ол орамал¬дан көп нәрсе үйренер еді. Ол орамалдар әр ұл¬дың болмысының тарихын айтар еді.
Білесіз бе, табиғи сұрыпталу кезінде жылай алатындар ғана аман қалған екен. Көздің майы - өмір элексирі. Көздің майы - тірі су. Аристотельдің катарсисі тегін болмаса керек. Қатты дауыспен жылау адам бойындағы қыстығып қалған эмоцияларды шығарады. Ал ол ішіңізде бұйығы қалған ауыр сезімдер адам өміріне бірден-бір қауіп төндіретін факторлар болып табылады. Ол алуан ауруды тудырады. Сезімді шығару керек, көз жасымен.
...Бір тамшы көздің жасында он сегіз мың ғалам бар!
Ерлан Жүніс
Дереккөз: baq.kz
Ж. Жұмағұлов