Көңілдестің иіссуы

Онымен көңілдес болғанына бірталай уақыт болды. Бір күні көңілдесі оған: «Әйелің екеуміздің ісімізден сезіктенген жоқ па?», - деп сұрады.

Ол басын шайқап: «Жоқ» деді.

Көңілдесі: «Бір амалын тауып, сенің әйеліңе екеуміздің байланысымызды білдіруіміз керек. Оның позициясын байқап, келесі қадамды қалай басуды содан соң белгілейік» деді.

«Қалай білдіреміз? Ашық айтамыз ба?»

«Әрине, ашық айтуға болмайды, амалын өзім табамын» деді аяр көңілдес.

Осыған келісіп, ол жуынуға дайындалды. Көңілдесі үнемі хош иісті әтір шашып жүретін. Әу баста оның сезімін баураған осы әйелдің хош иісті әтірі болатын. Екеуі бірге болғанда бұл иіс оған сіңіп қалушы еді, сондықтан әр жолы үйіне қайтарда ол жуынып алып жүретін де, өз әйелін бұл иістен сезіктенуінен сақтанатын. Бірақ осы жолы жуынбақшы еді, көңілдесі оны тоқтатып: «Үйіңе дәл осы күйі қайт, әйелің бұл иісті сезсін, оның қандай күйде болатынын байқайық» деді.

Ол көңілдесінің айтқаны бойынша жуынбай-ақ үйіне қайтты. Үйіне келген соң, оның әйелі жайшылықтағыдай бейнеде күйеуінің өн-бойында еш өзгеріс болмағандай бейне танытты.

Ол көңілдесімен тағы кездесуге барғанда, көңілдесі одан: «Әйелің әтір исін сезді ме?» деп сұрады.

Ол: «Жоқ» деп жауап қайырды.

Көңілдесі: «Қалайша сезбеді, мүмкін емес қой?!» деді аңтарылып. Бұл жолы жүрерде көңілдесі оны жуынудан тоқтатып қана қоймай, оның үстіне өзінің иіссуын сеуіп жіберді. Оған: «Өн-бойыңнан менің әтірімнің иісі аңқып тұр, қайтқаныңда әйелің сөзсіз сезетін болады» деді. Ол да осылай ойлаған еді. Бірақ іс мүлде керісінше болды. Үйіне келгенде әйелі күндегісіндей-ақ ешқандай бөгде мінез байқатпады. Мұндағы мақсаты да әйеліне денесіндегі әтір исін сездіру болатын. Әйелі сонда да жайшылықтағы секілді ешбір оғаш сыңай танытпай: «Шаршаған шығарсың, жуынып-шайын да ертерек демал» деді.

Көңілдесімен кездескен шақта: «Бұл жолы әйелің бәрін сезген шығар» деді масаттана.

Ол тағы да: «Жоқ» деп жауап берді.

Көңілдесі мұның байыбына бара алмай: «Бұл мүмкін емес, денеңдегі әтір исі сондай күшті тұрса, әйелің мұнан сезіктенбесі қалай?» деп таң қалды.

Осы жолы көңілдесі оған әтір шашумен бірге телефонының қоңырау дыбысын: «Сиқырлы әтір исі» деген әнге ауыстырды. Оған тапсырды: «Үйіңе барғанда бұл әнді әйеліңе тыңдат. Бұл денеңдегі басқа әйелдің әтір исі барлығын түсіндіреді, сонда әйелің қандай күй-бейне танытар екен?» деді.

Үйіне қайтып келген соң ол әйеліне қалтафонындағы «Сиқырлы әтір исі» әнін тыңдатты. Әйелі бұл жолы шынымен тосын мінез көрсетті.

Ол: «Не үшін маған ән тыңдатуды ойға алдың?» деп сұрады күйеуінен.

«Бұл тамаша ән екен, сені тыңдасын дегенім ғой» деді күйеуі.

Әйелі төмен қарап әнді аз-кем уақыт тыңдап отырды да, дереу қайта үн қатты: «Мен мұндай әндерді ұнатпаймын!»

Күйеуі тіксіне қалды. Әйеліне қайтара сұрақ қойды: «Ендеше қандай әнді ұнатасың?»

Әйелі: «Шын ғашықтар» деген әнді ұнатамын» деді.

Күйеуі дағдарып тұрды да үн-түнсіз қолфон қоңырау дауысын «Шын ғашықтар» әніне қойды. Бұл әнді екеуі үйленгенде әйелі көшіріп берген болатын.

Көңілдесімен тағы жолықты.

«Әнді әйеліңе тыңдаттың ба?» деп сұрады ол.

Ер адам басын изеді: «Тыңдады».

«Әйелің қандай бейне көрсетті?»

«Әйелім ол ән реніш пен мұңға толы екен, ұнатпаймын деп, өзінің «Шын ғашықтар» деген әнді ұнататынын айтты.

Көңілдесі одан әрі қарай ештеңе сұраған жоқ. Алдымен өзі кетті. Үйден шыға хабарлама жазып жіберді: «Айырылысайық!» деген.

Ол жауап жазды: «Не үшін?» деп.

Көңілдесі былай деп жауап хат жазды: «Сенің әйеліңнің төзімі мен сезімімен салыстырғанда мен түкке де тұрғысыз екенмін».

Осыдан кейін ол көңілдесін қайта іздеген жоқ. Қайтып басқа әйел затына көз қырын да салмайтын болды.

 

Дайындаған: Сұңқар Ақбоз

Сурет: nipic.kz