- Негізгі бет
- Тәмсіл
- Қонақтың неше түрі...
Қонақтың неше түрі бар?
Асау шешен Есентемір Бөленді қонаққа шақырып отырып:
-Е, бөле! Сізден бір-екі ауыз сөз сұрайын, рұқсат па? - депті.
-Е, шырағым, сұра! - депті Бөлен.
-Құдайдың бергені, үйден қонақ кетпейді. Бірі кетсе бірі келеді. Біреулері бір келмейді, бірнеше келеді. Осыларды келініңіз көріп «мынау тағы келе жатыр ма?»--дейді. Бұл неткені? - депті Асау.
- Ол келіннің ырысы кеткені,- дейді Бөлен.
- Ауылдың жас балалары кәрі қонақты жақтырмайды, соны күтуден ерінеді. «Осы шалдарға не жоқ, қыдырды, жеді, бірсыпыра қызықты көрді, енді үйлерінде жатса қайтеді?»- дейді. Бұл неткені?
- Ол балалардан ерік кеткені.
- Бөле! «Қонақ-қонсы» дейді қазақ. Қонақ деген кім, қонсы деген кім?
- Қонақ деген мына мен, жылына бір рет шақырту- мен келемін. Қонсы деген мыналар,- деп айналадағы кісілерді көрсетеді. Пәленнің үйіне пәлен келіпті, барып амандасайық деп келеді.
-Ал, Бөле! Қонақ неше түрлі болады?
- Қонақ төрт түрлі болады: Арнайы қонақ,
Құдайы қонақ,
Қыдырма қонақ
Қылғыма қонақ.
Енді Бөлен Асаудан:— Жігіттің неше жұрты бар? - деп сұрайды.
- Жігіттің үш жұрты бар деп ойлаймын,- дейді.
Асау:
Қайын жұрты — міншіл,
Өз жұрты — күншіл,
Нағашы жұрты — сыншыл.
Сонда Бөлен:— Жігіттің төрт жұрты болатын еді, біреуін тастап кеттіңіз. Ол — елінің азаматы. Бәрінен де артық сол еді- ау! - депті.
Дереккөз:qamshy.kz
Т. Есқали