Егде жастағы Қытай ойшылы қар жапқан алқаппен кетіп бара жатып, жолында жылап отырған орта жастардағы әйелді көрді:
- Сіз неге жылаудасыз? - деп сұрады ол одан.
- Мен өз өмірім жайлы, жас күнімді, айнадан көре алған сұлулығымды, өзім жақсы көрген ер адамды ойлап жылаймын. Есте сақтау мүмкіндігін бергені үшін, Құдай қатал-ақ. Ол мұны өз өмірімнің көктемін еске алып, менің жылап жіберетінімді білгендіктен жасады, - деді.
Ойшыл қарт ақ қар жапқан алқапта бір нүктеге ұзақ қарап, телмірумен тұрды. Әлгі әйел кенет жылауын доғарды да, одан сұрады:
- Сіз ол жақтан не көріп тұрсыз? - деді ол қарттан.
- Алқызыл күлдер алқабын, - деп жауап берді ойшыл қарт. - Құдай маған есте сақтау мүмкіндігін беру арқылы үлкен қайырымдылық танытты. Сол арқылы ол менің қыс күні әрдайым көктемді еске алып, жымиятынымды білген болар.
Төрт майшам ақырын жанып, баяу ери бастады... Мүлгіген тыныштықта олардың бір-бірімен сыбырласып жатқанын тыңдауға болар еді.
Біріншісі айтты: "Мен - Төзіммін. Өкінішке орай, адамдар мені сақтай алмайды. Маған өшуден өзге жол қалмады!". Шам бір заматта сөнді де қалды.
Екіншісі айтты: "Мен - Сеніммін. Өкінішке орай, мен де ешкімге қажет емеспін. Адамдар мен жайлы ештеңе естігілері келмейді, сол себептен де бұдан ары жанудың еш мағынасыз екенін білемін". Осыны айтқаны сол еді, ол да сөнді де қалды.
Ауыр дем алып, үшіншісі сөйледі: "Мен - Махаббатпын. Менің бұдан ары жануға дәрменсізбін. Адамдар мені бағаламайды. Олардың қолынан махаббат сыйлау да, алу да келмейді". Шам баяу сөніп жатты.
Кенет... Бөлмеге кішкентай бала кіріп келді. Сөніп қалған үш шамды көріп, қорқып кеткен ол, айқайлап жіберді: "Сіздер не істеудесіздер?! Сіздер сөнбеулеріңіз тиіс! Мен қараңғыдан қорқамын!". Артынша "баж" етіп жылап жіберді.
Толқып кеткен төртінші шам былай деді: "Қорықпағын және жыламағын! Мен сөнбей тұрғанда, өзге үш шамды да жағуға болады. Мен - Үмітпін"- деді ол.
Бір әйел Париж көшелерінің бойымен келе жатып, көше мейрамханасының үстелінде сурет салып тұрған Пикассоны көрді. Пикассодан лайықты төлемге өзіне сурет салып беруін өтінді.
- Сізге қанша төлеуім керек? - деп сұрады ол жұмыс аяғында.
- Бес мың франк, - деді Пикассо.
- Бірақ, сізге осы үшін бар-жоғы үш минут уақыт кетті ғой, - деді әйел жылы шыраймен суретшінің есіне сала кеткісі келген сыңаймен.
- Жоқ, - деп қарсылық білдірді Пикассо, - осы үшін менің бүкіл өмірім қажет болды.
Түйін: Жұмыстың аяқталған уақытында оның төлемі жайлы сөз қозғау дұрыс емес.
Қыз баласы саябақ ішіндегі орындықта тоқтаусыз жылап отырған еді. Осы уақытта кішкентай балақай үш доңғалақты велосипедпен аллея бойымен кетіп бара жатқан болатын. Қызға қатты жаны ашып кеткен ол, оның неге көңілсіз екенін білгісі келді:
- Әпке, сен неге жылаудасың? - деді ол.
- Ой, балақай, сен бәрібір түсіне алмайсың, - деп келте қайырды қыз.
Балақайға ол осыдан кейін жылауын үдете түскендей болып көрінді. Болмаған соң, тағы сұрады:
- Бір жерің ауырып тұр ма? Саған ойыншық сыйлайын, қалайсың ба? Менде көп...
Қыз одан бетер көз жасын көлдей қылды:
- Ой, балақай, - деп тіл қатты ол, - мен ешкімге керек емеспін, мені ешкім жақсы көрмейді...
Балақай байсалды қарап, былай деп тіл қатты:
- Мұны бәрінен бірдей сұрап шығып па едің?
Аударған: Әкежан Дәкен
Сурет: art-post.me